Жазғы лагерь – жайдары орын

Қызылорда қаласында орналасқан А.Байтұрсынов атындағы №211 мектептің оқушысы Жансая Жақыпбек күні кеше 6 сыныпты бітірді. Ол да басқа балалар сияқты жылда жаз мезгілін асыға күтеді. Өйткені, бұл – үш ай бойы демалып, жаңа оқу жылын тың күшпен бастауға қолайлы уақыт. Әрбір бала демалыс­ты жанға жайлы, қызықты өткізуді армандайды. Сабақ барысында берілетін демалыс күндері жаз кезіндей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды.

Биыл аймақ мектептерінде оқи­тын Жансая сияқты 148 мыңға жуық баланың шамамен 98 про­центі жазғы тынығу түрлерімен қамтылады деген болжам бар. Облыстық білім басқармасының мәліметіне қа­рағанда, маусымдық демалыс қала мен аудандардың сыр­тындағы 9 лагерьде 7 ауысыммен ұйымдастырылады. Олардың бағасы әртүрлі – 32 мың мен 15 мың теңге аралығында.

Балалар үшін ең қымбат демалыс орны – Арал ауданының Қамыстыбас елді мекеніндегі «Қам­баш» балаларды сауық­тыру және қосымша білім беру орталығы. Биыл мұнда 1200-ге жуық оқушы уақытты көңілді өткізуге асық. Ал, Қызылорда қалалық білім бөліміне қарасты облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында әр ауысымда 300 баладан барлығы 2100 баланы қамту көзделіп отыр. Жолдама құны – 25 мың теңге.

Онкүндік демалыстың құны «Сыр ұланы» лагерінде (Шиелі ауданы) – 17500, «Жалын» тынығу лагерінде (Сырдария ауданы) – 16 мың, «Сырдария» (Қызылорда қаласы), «Шағала» (Қазалы ауданы), «Ақтерек» (Жалағаш ауданы) және «Тау самалы» (Жаңақорған ауданы) лагерьлерінде – 15 мың теңгеден. Ал, 1300-ге жуық бала «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының де­меушілігімен облыс орталы­ғындағы «Арай-Санрайз» лаге­рінде ой сергітпек.

Аталған лагерьлерге әне-міне дегенше сырбойылық балалар ағыла бастайды. Десек те, олар келушілерді қабылдауға қанша­лықты дайын? Мысалы, Қазалы­дағы демалыс орта­лығының аума­ғына, ғимарат­тарға биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кіре­беріс жолдың бой­ындағы гүл егетін құмыралар, рә­міздер алаңы, ескерткіштер әктеліп-сырланды. Арнайы орындарға гүл егілді. Лагерьде 13 үйірме тұрақты түрде жұмыс істейді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан бала­лардың демалысы үшін жергілікті бюджеттен 7 млн 920 мың теңге қаржы бөлінді.

Сырдария аудандық білім бөлі­міне қарасты «Жалын» лагерінде де әртүрлі санаттағы оқушылар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Биыл 550 бала Үкімет қаржысы есебінен де­малмақ. 1958 жылы типтік жобамен салынған тынығу орны, жатын орын, асхана, медпункт, стоматологиялық кабинет және тағы басқа қажеттіліктермен қамтылған.

– Іс-тәжірибе алмасу орын­дары, арнайы үйірмелер бала­лардың уақытты тиімді әрі пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді. Одан бөлек, Қалған­дария көлі – шомылып, бой сер­гіту үшін таптырмас орын. Келушілерге 5 мезгіл тамақ беріледі, – дейді лагерь директоры Миримхан Момбаева.

Жазғы тынығу орындары мен мектеп жанындағы лагерьлер өз қызметін 1 маусым күні – балалар мерекесінде бастайды. Ағымдағы жылы, сонымен қатар, дамыту, сауықтыру, білім беру бағытында және психотерапевтік, коммуника­тив­тік қызмет көрсететін 550 мек­теп жанындағы лагерь жұ­мыс істемек.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 маусым 2019 г. 622 0