11 жасар алматылық шабандоз бәйгеден көлік ұтып алды

Қостанай ауданының Заречный ауылындағы «Арғымақ» ипподромында 2019 жылғы ат спорты маусымы ашылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Салтанатты ашылу рәсіміне жергілікті атқарушы билік өкілдері, ардагер спортшылар қатысты. Облыстық филармонияның әртістері концерттік бағдарлама ұсынды. Әуелі, жиылған жұртқа алдымен «Қыз қуу» ойыны көрсетілді. Сонымен қатар, әуесқой спортшылар жамбы атуға да шықты.
Бұдан әрі тай жарыс пен құнан бәйге ұйымдастырылды. Сәйгүліктер тиісінше төрт және алты шақырымға шапты. Бөктергісі мен білегі мықты жігіттердің бәсекесі - көкпарға облыс аудандарының команадалары қатысты. Финалда Қостанай ауданының спортшылары Әулиекөл ауданының құрамасын ұтты. Үшінші орын Денисов ауданының көкпаршыларына бұйырды.
Аламан бәйгеге Қазақстанның барлық облысы мен Ресейден келген бапкерлер шашасына шаң жұқпаған сәйгүліктерін қосты. Бәйге 16 шақырымға шақталды. 11 жасар алматылық Нұрболат Сүнетайдың «Шекер» есімді тұлпары мәрені бірінші кесті. Жеңімпазға «Лада Гранта» көлігі сыйға тартылды.
- Мұндай ауқымды бәйгеге екінші рет қатысып отырмын.Бастапқы айналымдарда қобалжу болды. Дегенмен, соңғы айналымдарға жақындағанда атқа қамшы бастым, - дейді аламан бәйгенің жеңімпазы.  




ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 маусым 2019 г. 547 0