НЗМ оқушыларына «Жас өркен» сыйлығы табысталды

Халықтық дауыс беру қорытындысына сәйкес Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Жас өркен» республикалық балалар сыйлығының Лауреаты атанды.
«Жас өркен» ұлттық сыйлығы – талантты жастардың және балалар ұйымдарын анықтауға, ынталандыруға бағытталған жаңа жоба. Биыл алғаш рет барша жұртшылық ғылым, спорт, мәдениет, экология және басқа да салаларда үздік оқушыларды анықтады. Facebook әлеуметтік желісіндегі қолданушылар өздерінің 300-ге жуық үміткерлерін ұсынған. Олардың 56-сы 14 номинация бойынша шорт-тізімге енді. Дауыс берудің соңғы кезеңінде 29 дарынды оқушы сыйлықтың лауреаты атанды. Олардың қатарында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің үш оқушысы бар.
2019 жылдың түлегі Алтынай Әбдіжәміл «Жас ерікті» номинациясында ерекше мүсінші атағына ие болды. «Шаңырақ» мектеп қауымдастығының белсендісі болған Алтынай денсаулығында ақауы бар балаларға көмек көрсетуге бағытталған қайырымдылық акциялары мен мерекелік бағдарламаларды үнемі ұйымдастырып тұрады.  
– Балалардың көңілін көтеруге ықпал ету – мен үшін үлкен бақыт. Естен кетпес маңызды істердің бірі онкологияға шалдыққан балалар үшін жаңа жылдық ертеңгіліктерді өткізу болды. Балақайлардың жүздеріндегі қуанышты көріп, біз ісіміздің босқа жасалып жатпағанын түсіндік, – деп Алтынай өз пікірімен бөлісті.
Осы жылдың тағы бір түлегі Аружан Әбутәліпова «Жас ақын» номинациясында үздік деп танылды. Республикалық және облыстық әдеби байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанған жас зияткер бүгінде жүздеген өлеңнің авторы болып үлгерді.
– Әлбетте, мен өмір, табиғат және туған жер туралы жазғанды ұнатамын, – дейді Аружан, – бұл мектеп менің бойымдағы қабілеттерімді ашып, оны дамытуға үлкен септігін тигізді. Сол үшін алғысымды білдіремін.
10-сынып оқушысы Дәулет Райымбек «Жас эколог» номинациясында ерекшеленді. Ол микроклонды көбейту технологиясы арқылы зертхана жағдайында өсімдіктерді өсіру жобасын зерттеуді қолға алған. Оның айтуынша, шыныда өсірілген көшеттердің жерсіну деңгейі жоғары және түрлі ауруларға тұрақты болып келеді.
Айта кетейік, «Жас Өркен» сыйлығы «Республика-Өңір-Даму» қоғамдық қорының бастамасымен «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығы аясында тағайындалды. 



 




ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 маусым 2019 г. 357 0