Қарағандыдағы батутта көз жұмған баланың анасы оқиғаның мән-жайын баяндады

 Қарағандылық Марина Киреева 25 мамыр күні жалғыз ұлынан айырылып қалды. Борис оның өмірінің мәні, үкілеген үміті мен арқа сүйері еді деп жазады KAZ.NUR.KZ.


«Ол қайтыс болғаннан бері менің өмірімнің мәні жоғалды. Менің күш-жігерім қалмады. Борис жалғыз ұлым еді, әкесі үш жыл бұрын өмірден озған. Ұлым өте мейірімді әлі белсенді болды, өмірді жақсы көрді. Оның достары көп еді», - деді Марина.

Жеткіншектің анасы БАҚ беттерінде оқиғаға қатысты көптеген жалған ақпарат тарағанын айтты. Оның айтуынша, кейбірі баланың 11 жаста екенін, ол батутта емес, дүңгіршек маңында болғанын да жазыпты. Осыған байланысты, Марина күтпеген жағдайдың қалай болғанын өзі айтып беруді жөн көрді.

«Сол күні ұлым досымен бірге саябақта болды. Мен оның қасында болған жоқпын. Менен қыдыруға сұранған соң жібергенмін. Ол о дүниеге аттанбай тұрып, 10 минут бұрын ғана маған хабарласып, батутта секіріп жатқандарын айтты.

Ол әдеттегідей көңілді болды. Менімен сөйлескеннен кейін олар досымен батуттың ұшып жатқанын байқап, үрлемелі төбешіктен соңғы рет түсеміз деп шешіпті. Ұлым жоғары көтерілген кезде батут құлаған.

Осылайша, құлаған батут барлық балаларды ұшырып жіберген. Менің ұлым біраз жерге дейін ұшып, жерге қатты құлағаннан қайтыс болған. Оның аяқ киімі мен бір шұлығы болмады. Ол батуттың маңында жүрген деген ақпарат жалған», - деп атап өтті Марина.

Қайғылы оқиға жайлы Бористің анасы телефоннан естіген. Баланың өлімі туралы ақпарат белгілі болған соң қала тұрғындары келіншекке қолдау сөздерін жазып, ескерткіш орнатуға ақша жинап берген. Баршаға шын жүректен алғыс білдірген Марина басқа көмек қажет емес екенін айтып отыр.

«Қазір осындай жағдайлар қайталанбаса деген тілегім бар. Балалар саябақта көз жұмбаса екен. Біз оларды қыдыруға жібереміз ғой. Бұл қаладағы ең адам көп жүретін жер, аттракциондар да көп.

Олардың барлығын тексеру керек. Бұл іске шындап кіріскенін қалаймын. Балалардың өлімі қайталанбас үшін кінәлілер жазалану тиіс», - деді қайғыдан қан жұтқан ана.

Борис Рудаков осы жылы бесінші сыныпты аяқтаған. Ол оқуда үздік нәтиже көрсетіп қана қоймай, қоғамдық өмірде де белсенді болған.

Достары мен сыныптастары оны көңілді әрі мейірімді бала ретінде еске алады. Марқұм жүзумен айналысып, сәнқой болған. Сонымен қатар, ағылшын тілі мен математиканы оқыған.

Айта кетейік, 25 мамыр күні Қарағандыда батут аударылып, бір бала көз жұмды. Зардап шеккен басқа бүлдіршіндер ауруханаға жеткізілді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 маусым 2019 г. 612 0