Мемлекеттік рәміздер ұлықталды

Бүгін — Мемлекеттік рәміздер күні. Осыдан 27 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік туы, елтаңбасы мен әнұраны ресми түрде қабылданған болатын. Осы атаулы күнге орай бүгін Арал ауданында «Асқақ арман – қыраны» атты салтанатты шара өтті.
Өткен жылы ғана бой көтеріп, ел игілігіне берілген жаңа Рәміздер алаңында өткен шарада аралдықтар егемендіктің ең басты белгісі, тәуелсіздігіміздің нышандарына құрмет көрсетті.
Алдымен мерекелік алаңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ұлықталып, Мемлекеттік әнұран шырқалды. Аудан әкімі М.Оразбаев жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап,
-«Мемлекеттiк рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі саналады. Сондықтан, әрбір Қазақстан азаматы үшін мемлекеттік рәміздер – қастерлі! Ал, әр азаматтың Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуі – өз-өзіне көрсеткен құрметінің, болашағына деген сенімінің, өлшеусіз мақтаныш сезімінің көрінісі»- деп, ыстық лебізін білдірді.  
Салтанатты шара барысында елеулі еңбектерімен, іскерлік танытып жүрген сала қызметкерлері аудан әкімінің Алғыс хаттымен марапатталды. Сондай-ақ, шара аясында Ақирек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ә.Нұрекешов пен аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Е.Реймов мемлекеттік  қызыметшінің алғашқы антын қабылдады.
Ел құндылығын дәріптеп, мерейін асқақтатуды мақсат еткен шара одан әрі дарынды өнерпаз балалардың ән-биіне ұласып, ауданымыздың белгілі өнерпаздарының патриоттық ән-жырларымен өрілді.
Айта кетейік, бүкілхалықтық сипатқа ие болған бұл мерекеге орай аудан жастары шараға дейін велошеру өткізген болса, салтанатты шара соңы арнайы автошеруге ұласып, қала көшелерімен жүріп өткен шеруге қатысушылар ұлттық нышандарымызды кеңінен насихаттап, құндылықтарымызды паш етті.
 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 маусым 2019 г. 492 0