Мемлекеттік рәміздер ұлықталды

Мемлекеттік рәміздер күніне орай Арал ауданында өткізілген салтанатты шара «Асқақ арман – қыраны» деп аталды. Айта кетейік, аудан орталығындағы Рәміздер алаңы өткен жылы ел игілігіне берілген болатын. Шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ұлықталып, Гимн шырқалды.  
Жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтаған  Арал ауданы  әкімі М.Оразбаев Мемлекеттiк рәміздер елдің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етіп, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі саналатынын, рәміздерді құрметтеу келешекке сенімнің, мақтаныш сезімнің көрінісі екендігіне кеңінен тоқталды.
Салтанатты шарада бір топ озат сала қызметкерлері аудан әкімінің Алғыс хаттымен марапатталды. Сондай-ақ, Ақирек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ә.Нұрекешов пен аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Е.Реймов мемлекеттік  қызметші антын қабылдады. Мұнан соң дарынды өнерпаз балалар, танымал өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды. Мереке аудан жастарының арнайы автошеруіне ұласты. Қала көшелерімен жүріп өткен шеруге қатысушылар ұлттық нышандарды насихаттап, құндылықтарды әмбеге паш етті.    

***

Қазалыдағы  Рәміздер алаңында өткен салтанатты шарадағы құттықтау сөзінде аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Мемлекеттік рәміздердің елдің бет-бедерін айқындайтын, халықтың мақтанышы саналатынын жеткізді. Оларды қастер тұту әркімге парыз екендігін айтты.
 Шарада мемлекеттік қызметке қабылданған жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант беріп, ел игілігі жолында абыройлы қызмет еткен бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Арал, Қазалы ауданы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 маусым 2019 г. 141 0