Мұғалімдер мен дәрігерлерді баспанамен қамту: тәртібі, мерзімі мен талаптары

Қазақстан ипотекалық компаниясы екі министрлікпен келісім жасасып, мұғалімдер мен дәрігерлерге бастапқы жарнасыз 3 мың пәтер жалға берілетінін (кейін сатып алу мүмкіндігімен) жария етті. Яғни, осы үйлердің жартысы ұстаздарға, жартысы ақ халатты абзал жандарға беріледі. Баспананы бөліп төлеу құны қанша? Үйге қол жеткізудің талаптары қандай? Алғашқы пәтерлер қашан беріле бастайды? Тақырыпты тереңірек талдап көрелік.
Пәтер кезегінде 15 мың дәрігер, 10 мың мұғалім тұр
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бүгінде 15 мың медицина қызметкері баспанаға зәру. Тағы 10 мың мұғалімнің үйге қол жеткізе алмай жүргенін Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Орсариев те айтып отыр. 3 мың пәтер осы 25 мыңдық қажеттілікті жаба қоймас. Десе де...
«Қазіргі таңда Қазақстанда 400 мыңға тарта медициналық қызметкер еңбек етеді. Олардың ішінде 170 мың мейірбике мен 60 мың дәрігер бар. Әлбетте, осы баспана тапшылығы мәселесінің бары белгілі. Қазақстан ипотекалық компаниясымен меморандумға қол қою - біз үшін қуанышты жағдай. Менің ойымша, осы шаралар арқылы дәрігер мен мейірбикелердің әлеуметтік жағдайы көтеріледі. Бұл тікелей медициналық қызметтің сапасын арттыруға септігін тигізеді», - дейді Елжан Біртанов.
Өз кезегінде Арын Орсариев компания мен министрліктердің арасындағы жұмыс механизмі қалай жасалатынын айтып өтті.
«Қазақстан ипотекалық компаниясы (ҚИК) Білім және ғылым министрлігіне қанша пәтердің бары туралы хабарлама жібереді. Ол хабарламада пәтердің шаршы метрі, қабаты, бағасы бәрі көрсетіледі. БҒМ кезектегі адамдарға өтініш хат жібереді. ҚИК қатысушылармен жалға алу шартын жасайды. Осы шарт 240 айға арналған. Бір жолғы төлем - 1 пайыз», - деді ол.
Бағдарламаның артықшылығы неде?
Бағдарламаны қаржыландыруға «ҚИК» ИҰ» АҚ-ның шамамен 40 млрд теңге меншікті қаражаты мен нарықтық талаптарға сәйкес, қарызға алынған қаражат жұмсалатын болады. Компанияның басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджановтың айтуынша, қатысушылар үшін жалға берілетін тұрғын үйді өткізу талаптары мынадай https://www.inform.kz/kz/mugalimder-men-darigerlerge-bastapky-zharnasyz-pater-berilmek_a3534386: тұрғын үйді жалдау мерзімі 20 жыл. Баспана бастапқы жарнасыз беріледі. Тұрғын үйді кез келген уақытта және айыппұл санкцияларын қолданусыз мерзімінен бұрын сатып алу мүмкіндігі бар. Кіріс жеткіліксіз болған жағдайда кепілгерлерді тарту мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл ретте бағдарлама бойынша жалгерлік төлемнің орташа айлық құны республика бойынша орташа бағадан төмен болмақ.
Тұрғын үй алуға үміткерлер тізімін тікелей министрліктер құратын болады. Өз кезегінде «ҚИК» ИҰ» АҚ берілген қызметкерлердің төлем қабілеттілігін тексеріп, бағалау қорытындысы бойынша өтінімдері мақұлданған үміткерлермен ұзақ мерзімді жалдау шартын бекітеді.
Баспана алудың басты талаптары
Арын Орсариев білім саласының қандай қызметкерлері аталмыш бағдарлама бойынша үй ала алатынын айтып берді.
«Жалпы бағдарламаға қатысуға кімнің құқығы бар? Министрліктің және ведомствоның бағынысты ұйымдарының қызметкерлері кезек тәртібі бойынша ала алады. Соңғы бес жылда олардың атында тұрғын үй болмауы керек. Сондай-ақ, төлем қабілеті расталуы тиіс. Яғни, кіріс туралы анықтама алып келуі қажет. Кейін сатып алу құқығымен тұрғын үй беріледі», - дейді ол.
БҒМ жауапты хатшысы шамамен бұл үйлердің қанша тұратынын да есептеп беруге тырысты.
«Шаршы метрін 260 мың теңге деп есептесек, 50 шаршы метрлік үй шамамен 13 миллион теңге тұрады. Егер жалға беру мерзімі 20 жыл болса, ай сайынғы төлем шамамен 60-70 мың теңге болмақ. Егер біз келісімшартты 15 жылға жасар болсақ, айына 80-90 мың теңгеге айналады», - дейді Арын Орсариев.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов болса ең алдымен мұқтаж отбасыларға маңыз берілетінін атап өтті. https://www.inform.kz/kz/lauazymyna-basymdyk-berilmeydi-birtanov-darigerlerge-beriletin-pater-zhayly_a3534462
«Жалға берілетін пәтерді медициналық саладағы барлық маман иесі ала алады. Дәрігерлерден бөлек, медбикелер, ауруханаларда еңбек ететін мамандар, яғни есепшілер мен инженерлердің де өтінім беру құқығы бар. Яғни, лауазымы бойынша ешкімге ешқандай басымдық берілмейді. Осыған дейін айтылғандай, өтінім берген медициналық қызметкердің және оның отбасы мүшесінде атында үй болмауы керек. Қысқаша айтқанда, баспанаға барынша мұқтаж қызметкерлерге маңыз беріледі», - деді Елжан Біртанов.
Келісімге келдік! Үйді қашан аламыз?
«Меморандумға бүгін ғана қол қойылды. Министрліктер ендігі кезекте бір-екі аптаның ішінде тізімін беруі тиіс (кезекте тұрғандардардың). Осыдан кейін біз кезекте тұрған мұғалімдер мен дәрігерлердің төлем қабілеттілігін тексереміз. Керекті құжаттар бар ма, жоқ па - анықтамалардың бәрі зерделенгеннен кейін осы жұмысты бастаймыз», - деді «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ атқарушы директоры Мақсат Меңдібаев.
Оның сөзіне қарағанда, екі министрлік кезекте тұрғандардың тізімін дайындап жатыр. Ол тізімде Қазақстанның барлық аймақтарында пәтер кезегінде тұрған азаматтар бар.
Ал «ҚИК» ИҰ» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджановтың сөзіне сүйенсек, алдағы 2-3 айда пәтерлер беріле бастайды.
«Мұғалімдер мен дәрігерлердің қандай пәтер алғысы келетініне байланысты төлем қабілеттілігі пысықталады. Орташа есеппен Нұр-Сұлтан немесе Алматы қаласы туралы айтар болсақ, айлық төлем шамамен 55 мың теңге болады. Тиісінше, бұл төлемді ай сайын жүргізіп тұру үшін отбасының кірісіне қараймыз. Яғни, күнкөріс минимумы мен отбасының несиесі бар ма, жоқ па - тексеріледі. Осының бәрі зерделенгеннен кейін жағдайы барын білсек - біз келісімшарт жасасамыз. Оның үстіне кепілгерлерді тарту мүмкіндіктерін де қарастырып отырғанымызды айттық. Демек, отбасының кірісі жетпей жатса, кепілгерлерді тартып, баспана ала алады», - деді ол.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 маусым 2019 г. 540 0