Қазақстанда түйе азайып барады

 Елімізде түйе азайып барады, деп хабарлайды «Хабар 24». Соның салдарынан шұбат көлемі кеміді. Бұл мәселе баспасөзде көтерілді.
Шұбаттан жасалатын құрғақ сүтке әлемде сұраныс жоғары. Елімізде оны өндіретін кәсіпорын да бар, бірақ шикізат тапшы.
Статистика комитетінің мәліметі бойынша, осыдан үш жыл бұрын республикамызда 200 мыңдай түйе болған. Ал 2018 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде 188 мыңнан астам түйе барын жария етті. Яғни малдың ішіндегі ең азы да сол.
Қазір шұбат тек өз елімізде ғана емес, шетелде де үлкен сұранысқа ие. Алайда сол сұранысты игеретіндей, Қазақстанда қауқар жоқ болып шықты, - деп жазады «Айқын» газеті.
«Сұранысты өтеуге түйелер жетпейді. Шұбаттан құрғақ сүт жасайтын жалғыз кәсіпорын бар. Әйтсе де, небәрі 1 тонна құрғақ түйе сүтін өндіру үшін 16 тонна шұбат керек. Бұл кәсіпорын өз өнімдерін Қытай нарығына шығарады. Себебі оларда осы құрғақ сүт орасан зор көлемде тұтынылады. Бұл жерде республикада қуаттылық бойынша мәселе жоқ. Аталған отандық кәсіпорын тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдей алады. Бірақ өңдейін десе, сонша көлемдегі шұбат табылмайды. Сондықтан зауыт бие сүтін де өңдеумен айналысуда. Түйе сүтінің тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ету – үлкен проблема. Біз өңірлік деңгейде әкімдікпен тізе қосып, осы мәселені шешу бойынша жұмыс істеп келеміз. Бұл үшін Түркістан облысында түйе басын өсіруге бағытталған өңірлік және салалық бағдарлама әзірленіп, жүзеге асырылуы тиіс. Сонымен бірге Қазақстанда түйе бизнесін дамыту жөніндегі нысаналы бағдарламаны іске қосу қажеттігі пісіп-жетілгеніне Ауыл шаруашылығы министрлігінің назарын аударғымыз келеді».
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 маусым 2019 г. 338 0