Қазақстанның көрікті жерлерін аралады

9 маусымда «Туған елге саяхат» балалар туристік пойыз» жобасының алғашқы маусымы аяқталды. Астанаға келісімен балалар бірден темір жол вокзалынан тоғыз күндік саяхаттың қорытындысы ретінде ұйымдастырылған концертке бет алды.
9 күннің ішінде балалар Қазақстанның 5 көрікті және тарихи қаласын аралады.  Әр қала өз ерекшелігімен балалардың естерінде қалды.
Экскурсиялық тур еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласынан басталды, балалардың көбі үшін бұл елордаға алғашқы келулері болды.  Екінші саяхат қаласы Байқоңыр болды, онда балалар «Қорқыт ата» мемориалдық кешенін тамашалап, өз көздерімен Байқоңыр ғарыш айлағының мұражайын көрді және ракета макетін ұшырды.  
Ғарыш тарихымен танысқан балалар, Тараз қаласына жол тартты. Онда Айша-Бибі мен Қарахан кесенесін көріп, жергілікті аквопаркте қыдырды. Келесі күні пойыз оңтүстік астанаға келіп тоқтады.
Алматыда балалар жергілікті хайуанаттар бағын, дельфинарийді көріп, «АЙЯ» ойын-сауық саябағында қыдырып, Көк-Төбеден қала сұлулығын тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Келесі күні тау сұлулығының орнын Балқаш көлі алмастырды. Көл жағасында балалар ұлу қабыршақтарын жинап, футбол, баскетбол, волейбол және тағы да басқа ұлттық ойындар ойнап,  көңіл көтерді. Қызыққа толы аптадан кейін «Туған елге саяхат» пойызы астанаға оралып, жобаның 2019 жылғы маусымының алғашқы сапары аяқталды.
Қалалардың тарихы мен географиясынан бөлек балаларды олардың заманауи ғимараттары таң қалдырды. Әсіресе, Алматының аспанмен таласқан биік үйлері мен Нұр-Сұлтан қаласының архитектурасы балаларға қатты ұнады.
Бірінші кезеңнің қатысушылары саяхаттан алған әсерлерімен бөлісуде: Арқалық қаласынан келген Ашықбай Ақжол: «Маған ең қатты үлкен қалаларда қыдырған ұнады. Мен Алматы қаласына бірінші рет бардым, онда бірінші рет атракциондар саябағында болдым. Ал астанада мен бірінші рет EXPO мұражайын өз көзіммен көрдім»,- дейді.
Бұл саяхаттың арқасында балалардың көбі өз бойларында түрлі таланттарын аша білді. «Тәжірибе көрсеткендей балалардың көбі үшінші күні өздерін еркін ұстап, бір-біріне үйренісе бастайды. Біз бірнеше спорттық чемпионаттар өткіздік, мысалы, шахмат пен армрестлингтен. Тағы бір мысал ретінде айта кететіні, ол қатысушылардың арасында бір қыз бала өзінің ән айтқанды ұнататынын түсініп, саяхаттан кейін кәсіби вокалға жазылатынын айтты», - дейді аға тәрбиеші Сергей.
Саяхат барысында балалар уақыттарының көп бөлігін табиғатта өткізді. Балалардың бойында патриотизм мен тарихқа деген қызығушылықтарын арттырудан бөлек, тәрбиешілер оларды қоршаған ортаға қамқор болып, экологияға жауапкершілікпен қарауды үйретуге тырысты. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, сапар барысында балалар тек өздерінен кейін тазалықты сақтап қана қоймай, қыдырып барған орындардың тазалық тәртібін бұзбауға тырысты.
Нұр-Сұлтан қаласында өткен қорытынды концертте балалар саяхат барысында үйренген өнерлерін паш етті: флешмоб жасады, ән шырқап, өлеңдер оқыды. Ал ұйымдастырушылар балаларға естелік сыйлықтарын табыстады.  
«Балалар сапардан өте көңілді әрі шабыттанып оралып жатыр, менің ойымша бұл жобаға берілетін ең жоғары бағаның көрсеткіші. Жоба бойынша жұмыс істегенде біз балалар үшін барынша қызықты маршрут жасап , оларды еліміздің ең танымал деген жерлерімен таныстыруға тырысамыз. Жыл санап «Туған елге саяхат» жобасына деген балалардың қызығушылықтары артып келеді, олар жыл сайын жобаның басталуын күтіп, оған қатысуға барын салады», - дейді «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.
Жобаның келесі екі кезеңі 1 шілде мен 1 тамызға жоспарланып отыр және оған тағы 400 бала қатысады. Жалпы жобаға 600 бала қатысады: «Самұрық-Қазына» АҚ шалғай өңірлерде орналасқан, көпбалалы, аз қамтылған және толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан, оқу үлгерімі жақсы өндірістік кәсіпорындары мен зауыт жұмысшыларының 500 баласы қатысады. Шет мемлекеттерден келген қазақ диаспорасының өкілдерінен 50 бала және шығармашылық байқау қорытындысы бойынша Қазақстан бойынша анықталған жеңімпаз 50 бала саяхатқа аттанады.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 маусым 2019 г. 406 0