1 млн-нан астам азамат несие алуға мәжбүр – Тоқаев

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың проблемаларын атап өтті, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
«Президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді: еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау - менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін. Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істеймін. Біз үшін ең маңызды міндет - заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана Отанымыз бар! Тағдырымыз бір! Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз!», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР президентін ұлықтау рәсімінде.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанды жаңа сынақтар мен тәуекелдер күтіп тұр.
«Көп жыл бойы халықаралық саясатпен айналысып жүрген мен үшін жаңа дәуірдің келгені сезіледі. Сауда соғыстары, халықаралық қарым-қатынастағы даулы оқиғалар, бұрынғы қауіпсіздік тетіктерінің бұзылуы, өңірлік даулардың артуы – осының барлығы жаңа геосаяси шынайылық. Алдағы бірнеше жылда басты мәселе шешіледі – дамуға қандай елдер қосылып, қай елдер әлемдік даму шекарасынан шығып қалатыны белгілі болады. Экономикалық, әлеуметтік және саяси прогресс - қазіргі заманның сынақтарына беретін ең дұрыс жауап», - деді Тоқаев.
Ол прогресті адамдардың әл-ауқатын арттыратын қолайлы өзгерістер ретінде түсінетінін жеткізді. Оған қоса, билік адамдардың ұсыныстарын қабылдап, проблемаларды шешіп, халық алдында есеп беруі керек.
«Сөзбен емес, іспен дәлелдеу керек. Бұл ұстанымды Үкімет пен әкімдердің барлығы ұстануы тиіс. Маған президент ретінде ең маңыздысы - экономикалық дамудың ортақ сандары емес, барлық азаматыздың әл-ауқаты, жағдайы», - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық мәселелер бойынша шешімдер қабылдағанда көпшіліктің позициясы ескерілетінін атап өтті.
«Біздің мемлекеттік билік формуласы – күш-жігері мықты өкілетті президент, ықпалды, қабілетті Парламент, халыққа есеп беретін Үкімет. Дәл осындай саяси жүйе аса ауыр саяси шындық кезіндегі біздің мемлекетіміздің қажеттіліктеріне толық сәйкес келеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Содан соң мемлекет басшысы «Бірге» акциясына қатысып, азаматтық позициясын білдіргендерге алғыс айтты. Осы уақытқа дейін 540 мыңға жуық ұсыныс пен тілек түскен.
«Енді біз қоғамның өзекті проблемаларын нақты көріп тұрмыз, олардың шешімін білеміз. Азаматтар барлық жерде шындық болғанын, мемлекеттік органдардың әлеуметтік саясатынан бастап шын қызмет көрсетілгенін талап етеді. Халықты мазалап отырған басты сұрақ – табыс деңгейінің төмендігі. Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсызданбауы, теңгенің құлдырауы тұрғындардың табысына кері әсер етті. 1 млн-нан астам азамат несие алуға мәжбүр», - деді Тоқаев.
Ол қоғамда азаматтардың жоғары және төмен табысындағы айырмашылық алаңдатып отырғанын атап өтті.
«Елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне жаңа серпін беретін жаңа экологиялық кодекс керек. Келесі өзекті мәселе – таза ауызсумен қамтамасыз ету. Ол әрбір үйде, әр отбасында болу керек. Сонымен қатар, тұрғындарды жол сапасы да алаңдатып отыр», - деді президент.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 маусым 2019 г. 72 0