Еліміздегі ластанған өзен-көлдердің тізімі қандай?

Су ресурстарын тиімді басқару мәселесіне арналған халықаралық семинар барысында 67 ірі су көзінің ауызсу ретінде жарамсыз екені айтылған болатын. Халықаралық сарапшы Анатолий Крутов ҚазАқпарат тілшісіне олардың қай өңірде орналасқанын айтып берді.
Сарапшының айтуынша, Шығыс Қазақстандағы тау-кен кәсіпорнына тиіп жатқан Красноярка өзені шектен тыс ластанған жалғыз өзен ретінде тіркеліпті. «Қалыпты ластанды деген 42 су көзінің арасында Ертіс, Есіл, Жайық, Іле, Сырдария, Аягөз, Текес, Қаскелең, Талғар, Қапшағай, Талғар, Қопа, Зеренді өзендері мен Арал көлі бар. Ал «қатты ластанған» 24 өзен-көлдің қатарына Бурабай және Балқаш көлдерінен бастап, Үлбі, Ырғыз, Ембі, Ойыл, Тобыл, Қобда, Нұра өзендері кірді. Бір ескеретін жайт, мен бұл ақпаратты «Қазгидромет» мекемесінен алып отырмын. Аталмыш ұйым Қазақстандағы су көздерінің сапасын ұдайы бақылауда ұстап отыр», - дейді маман.
Сарапшы су көздеріне өндіріс ошақтары мен қоқыс полигондарынан зардап көп тиетінін айтады. «Су көздерін ластаушы заттар арасында мыс, азот нитриті, фенол, мырыш, маргенец, мұнай, хром, никель, магний, кальций сияқты 20-ға жуық улы өндіріс қалдықтары бар», - дейді Анатолий Крутов. Осы жағдайды түзету үшін су сапасына жауапты 30-дан астам маман 3 күн бойы Еуропалық Одақ тәжірибесін үйреніп, арнайы оқу курсынан өтті.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 маусым 2019 г. 147 0