Сырға қауын-қарбыз келді

Оңтүстіктен келген олжа жағалаудағы көкөніс базарының көркін ашып тұр. Шардара мен Жетісайдың сары әңгелегі мен қарбызы саудаға түсті. 

Шәркүл апай жағалаудағы осы базар ашылғалы бері отбасының нәпақасын саудадан айырып келеді. Тұрақты алушылар да қалыптасып қалған. Жер-Ананың сыйынан ертерек дәм татқысы келгендер арнайылап хабарласып, алып кететін көрінеді.

– Әдепкі күндері қымбат болғаны рас. Күннен-күнге бағаны түсіріп келе жатырмыз. Қарбыздың келісі 150 теңгеден. Әңгелек көлеміне қарай 50 теңгеден 100 теңгеге дейін сатылып жатыр. Ал қауындар 400-800 теңге аралығында. Ол да көлеміне байланысты, – дейді ол.

Көп ұзамай облыстың оңтүстік аудандарында қауын-қарбыз пісе бастайды. Әзірге Сырдағы ағайын көрші облыстың көкөністерінің дәмін көріп жүр.

– Шиелі мен Жаңақорғаннан келеді. Оған да сәл қалды. Жайылманың қарбызына сұраныс жоғары. Басқалары да қалыс қалған жоқ. Тамылжыған тамызда Іңкәрдария мен Айдарлының өнімі жетеді. Жергілікті қауын-қарбыздың дәмі бөлек, – деді Шәркүл апай.

Әзімбек Қожанов та тұрақты клиенттердің бірі. Ол мұндағы қауын-қарбыздың түр-түрінен көптеп көлігіне салып алды. Айтуынша, таза, сапалы әрі табиғи өнімнен артығы жоқ.

– Қауын-қарбыз базарға түсе салысымен көпшілік алуға қорқады. Бірақ табиғи өскен өнімнен келетін қауіп жоқ, – деді ол.


Дәулет Қырдан.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 маусым 2019 г. 465 0