Қазалыдағы келелі кеңес

Әйтеке би кентіндегі №170 орта мектеп базасында «Ахмет Байтұрсынұлы мұралары және латын әліпбиі» тақырыбында өткен  облыстық семинарға облыстық «Рухани жаңғыру » орталығының директоры, тарих ғылымының кандидаты Н.Мыңжас, «Өрлеу» БАҰО- ның аға оқытушысы М.Орманова, облыстық мемлекеттік архивтің құжаттарды пайдалану және жариялау бөлімінің басшысы Ж.Алтынбаева және жалпы білім беру ұйымдарының мұғалімдері қатысты.

 Келелі кеңесте А.Байтұрсынның тіл тарихына қосқан үлесін, оның латын әліпбиі негізіндегі еңбектерін зерттеу, латын әліпбиін насихаттау бағытында мұғалімдердің шығармашылық ізденістері мен іс-тәжірибелерімен танысып, латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін жас ұрпаққа үйрету мен оқытудың тиімді жолдарын біріге қарастырып, ой бөлісті. «Тіл- тарих, тағылым» көрмесіне  облыстық архив мұрағаттары және мұражай мұрағаттары  қойылды.

 Семинарда бірқатар мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдері, білікті ұстаздар  тренинг, интеллектуалдық шоу, коучинг,  дебат өткізіп, баяндама жасады. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Эльмира Ержанованың «Латын әліпбиін насихаттау, оны жас ұрпаққа үйрету, оқыту бағытында атқарылған жұмыстардың есебі» тақырыбындағы хабарламасы тыңдалды. Семинар аясында түрлі форматта ұйымдастырылған шаралар өзіндік мазмұндылығымен, шығармашылық тұрғыда ұйымдастырылуымен әріптестерінің көңілінен шықты.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 маусым 2019 г. 728 0