Қайырымдылық игі іс

Қызылордалық нұротандықтар 14 маусым - Дүниежүзілік донор күніне орай «Қайырымды іс» акциясын өткізді. Акцияға облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова бастаған 30-ға жуық партия мүшелері келді. Олардың қатарында мәслихат депутаттары, жасотандықтар да бар.
Шараның негізгі мақсаты – донорлықты насихаттау, науқас азаматтарға қажетті қан тапсыру және әлеуметтік аз қамтылған тұрғындардың мәселелеріне көңіл бөліп, қайырымдылық көмек көрсету,- дейді ұйымдастырушылар.
– Донор болу бұл – игілікті, әрі қайырымды іс. Бүгінгі акция аясында біз екі бірдей қайырымды іс жасауды мақсат етіп отырмыз. Яғни, науқас азаматтар үшін қан берсек, донорларға берілетін қаражатты жинақтап, партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне 18 жасар қызының еміне қаржылай көмек сұрап келген қала тұрғыны Ольга Ивановнаның есепшотына аударамыз. Осылайша жәрдемдескіміз келеді. Жабырқаған жанға көмек көрсету әрбір азаматтың  парызы деп есептейміз. Бұл осында ерікті түрде келіп тұрған партиялық әріптестеріміздің ортақ шешімі, – деді облыстық партия филиалы саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Жарылқасынов.
Өңірде қан орталығына жылына 10 мыңдай азамат келіп қан тапсырады. Олардың 200-ге жуығы тұрақты түрде. Ал жыл басынан қан тапсыру орталығына келген қызылордалықтардың  саны  5000 мың адамнан асқан. Олардың басым бөлігі 18 бен  40 жас аралығындағы азаматтарды құрайды.
 Нақты кезеңде орталықта 1,5 тонна қан плазмасы бар. Ауруханалардың қажеттілігіне қарай жұмсалуда. Бүгін өзге ұйымдарға үлгі көрсетіп,  орталыққа келіп қан беріп қолдау көрсетіп отырған «Nur Otan» партиясы ұжымына алғыс білдіреміз, – деді облыстық қан орталығы диреторының орынбасары Венера Садыманова.








ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 маусым 2019 г. 272 0