Күрделі қылмыстарды ашуда криминалист мамандардың еңбегі зор

Полиция қызметінде криминалистика саласының алатын орны ерекше. Қылмыстың ашылуына аталмыш сала мамандары сүбелі үлес қосады. Артында із қалмаған қылмыстық оқиғаның өзінде олар әрбір іске жіті көзқараспен қарайды. Қырағылық қасиетінің арқасында криминалистика саласының мамандары түйінді мәселенің шешілуіне өз әсерін тигізеді. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі Қызылорда облыстық полиция департаменті жедел криминалистика басқармасының мамандарымен жүздесіп, атқаратын қызметі жайында жан-жақты біліп қайтқан еді.
Жедел криминалистика басқармасының бастығы Әбілхан Маштаев бізбен жүздесуінде аталмыш саланың полиция қызметінде ерекше орын алатынын жеткізді. Әрине, қылмыс жасаған адам артында із қалдырмауға тырысады. Сондықтан криминалист маманға ұсақ-түйек деген болмайды. Оқиға орнындағы әрбір затты мұқият зерттеуге алады. Нәтижесінде күрделі деген қылмыстың түйіні тарқатылып жатады.
«Менің криминалстика саласына қызметке келгеніме биыл 24 жылға жуықтады. Ширек ғасырға жуық ішінде бұл қызметтің қыр-сырына қанығып келемін. Алғашқыда қатардағы криминалист қызметінен бастаған едім. Еңбек жолын бастаған кезімде пайдаланған құрал-жабдықтар өте қарапайым болатын. Қажетті техникамен қамтамасыз етілген чемодан, фотоаппарат, машинкадан өзге техника жоқ. Тіпті, бізге қажетті мәліметтер жинақталған картотеканың өзі қолмен жасалатын. Бүгінде біздің салада көптеген дүниелер жаңарды. Көбісі автоматтандырылған бағдарлама арқылы жүргізілетін болды», - деді Әбілхан Ибрагимұлы.  
Биыл наурыз айында еліміздегі криминалистика саласының құрылғанына тұп-тура бір ғасыр толды. Қызылорда облысы милициясында 1951 жылы ғылыми-техникалық орын жасақталды. Оның құрамында небәрі бір ғана адам қызмет атқарған. Сол маман қолындағы тергеу қобдишасы бар  фотоаппарат, лупа, ұзындық өлшеу құралы және қажетті қарапайым құралдармен қамтамасыз етілген еді. Аталмыш қызметте 1965 жылға дейін небәрі бір ғана маман еңбек етті.
«Қай кезде де біздің сала мамандары өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарай білді. Нәтижесінде олар көптеген қылмысты ашу ісінің сапалы орындалуына атсалысты. Ардагер ағалардан бұл бағытта атқарған жұмыстары жөнінде көптеген әңгімелер естідік. Олардан үйренген тәжірибемізді бүгінде біз де ізімізді басқан жас мамандарға үйретіп келеміз», - деді Әбілхан Ибрагимұлы.
Осындай жас маманның бірі - Ерқанат Болатовтың аталмыш салаға келгеніне биыл екі жылға жуықтады. Ол бұл қызметке өзінің армандап келгенін жасырған жоқ. Ол бала кезінен полиция формасына қызығушылық танытқанын айтады.
«Менің әкемнің досы ішкі істер саласында қызмет атқаратын еді. Ол кісі үйге келгенде қасынан шықпайтын едім. Кейін жоғары оқу орнына түстім. Оқу-тәжірибеден өту барысында криминалистика саласының қыр-сырын үйрендім. Осылайша мен мамандыққа таңдау жасадым. Бұл қызметке 2017 жылдың 5 шілдесінде келдім. Содан бері аталмыш салада қызмет жасаймын. Бүгінде Қызылорда қалалық полиция басқармасында жедел криминалистика бөлімінің криминалисі қызметін атқарып жүрмін», - деді Ерқанат Болатов.
Аталмыш сала қызметі қашанда қарбаласқа толы. Сол қым-қуыт жұмыс барысында әрбір іске жауапкершілік қажет етіледі. Әрбір істің артында адам тағдыры тұр. Жаңсақ басуға әсте болмайды.
Департаменттің жедел криминалистика басқармасының басшысы бізге мынадай оқиға жайында баяндап берді. Бұл оқиға ашылуы қиын қылмыстық істің бірі еді. Көктем айларының бірінде қалада тұратын азаматша өзінің күйеуі шетелдік көлігімен бірге жоғалып кеткенін хабарлады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Десе де қолға іліп алатын дәйек жоқтың қасы. Әлгі заматтың кейіннен мәйіті табылды. Осындай күндердің ол азаматтың жеңіл көлігі Жалағаш ауданы аумағында көзге шалынды. Далалық жерде ақлың қамыстың ортасында тұрған көліктің ішіндегі заттар тоналған. Сондықтан оның ішінен айғақ заттар табу қиын еді. Десе де криминалистика саласының мамандары әрбір жәйтке жіті назар аударды. Автокөліктің артқы жүк салғышынан қол ізі көзге түсті. Оны мамандар тексеруден өткізді. Аталмыш дәйек сол күндерде уақытша ұстау абақтысында жатқан күдіктінің қол ізімен сәйкес келген. Осылайша қаншама уақыт әуре-сарсаңға салған қылмыстық істің беті ашылды.
Сондай-ақ, сала мамандары алтын бұйымдар мен 50 мың АҚШ долларын жоғалтқан отбасының да алғысына бөленді. Соңғы он жылдан бері криминалистика саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан Абзал Жаналиев қылмыс орнына келгенде әрбір істі жіті бақылады. Осылайша үй иелерінің жиған-терген ақшасы мен бағалы бұйымдарын тауып беруге белсене атсалысты.
«Мұндай жағдай біздің қызметімізде жиі кездесіп жатады. Оның әрбірінде өз ісімізді жоғары деңгейде атқарып шығуға тырысамыз. Жедел криминалистика саласының мамандары әрдайым өздерінің біліктілігін арттырып тұруға көңіл бөледі», - деді Әбілхан Ибрагимов.
Қай кезде де полиция қызметінде жүрген мамандар уақытпен санаспай еңбек етеді. Олар қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне зор жауапкершілікпен қарайды.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 маусым 2019 г. 193 0