Жұмысын тоқтатқан «Qazaq Banki»-нің клиенті 13 млн теңгесін әлі алып кетпеген

«Банк ВТБ» АҚ Еншілес ұйымы «Qazaq Banki» АҚ клиенттерінің салымдарын қайтаруды жалғастырып жатыр, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Qazaq Banki» АҚ-ға салымшылар мен жеке кәсіпкерлердің 18 мың депозиті орналастырылған болатын. Ақшаны қайтару басталған 2018 жылдың желтоқсанынан бері барлығы 20,2 млрд теңге иелеріне берілді. Бұл, алғашқы соманың 98 пайызы. Алайда, осы уақытқа дейін салымшылардың үштен бірі ғана ақшасын қайтаруға өтініш берген. Өтініш бермегендердің 80 пайызының депозитінде 5 мың теңгеден көп болмаған. Ал 14 пайызының салымы 100 000 теңгеден асқан. Бүгінде өтініш бермегендердің арасында депозиттегі ең ірі сома 13 млн теңге болып отыр. Семей, Петропавл, Өскемен қаласының салымшылары ақшасын сұрауға асығар емес.
«Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ ЕҰ банк-агенті өтемақыны салымшының жеке басын куәландыратын құжат пен өтініш негізінде төлейді.  Оның бланкісін бөлімшеде алуға және толтыруға болады. Өтемақыны сенімхат бойынша да төлеу мүмкіндігі бар. Ақша қолма-қол, банк шотына аудару арқылы төленеді; банк-агентте төлем сомасына депозит ашуға болады. Төлем 5 жұмыс күні ішінде жасалады. Дегенмен, салымшылардың шамамен 90% төлемді жүгінген күні алды. Шетелдік валютадағы депозиттер бойынша өтемақы теңгемен қайтарылады. Есептеу үшін 2019 жылдың 12 желтоқсанындағы валюта бағамы қолданылады.
Бір салымшының «Qazaq Banki» АҚ-та бір уақытта теңгеде және шетелдік валютада орналастырылған депозиттері бойынша 15 миллион теңгеге дейінгі жиынтық өтемақы төленеді. Бұл жағдайда, шетелдік валютадағы депозит бойынша 5 миллион теңге баламасынан аспайтын өтемақы төленеді. Былтыр 7 тамызда «Qazaq Banki» АҚ лицензиясынан айрылған болатын. 24 қазанда сот  «Qazaq Banki» АҚ мәжбүрлі түрде тарату туралы шешім шығарды. 12 желтоқсанда бұл үкім заңды күшіне енді.


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/zhumysyn-toktatkan-qazaq-banki-nin-klienti-13-mln-tengesin-ali-alyp-ketpegen_a3541412



ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 маусым 2019 г. 159 0