40 млн теңге жымқырған әйел ұсталды

Петропавл полицейлері халықтың 40 млн-ға жуық теңгесін қалтасына басты деген күдікпен 38 жастағы әйелді ұстады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қалалық Полиция басқармасына Қызылжар ауданының бірнеше тұрғынынан алаяқтыққа қатысты арыз түскен. Күдікті, Қызылжар ауданы Бескөл елді мекенінің 38 жастағы тұрғыны қамауға алынды.
«Ол жұртпен танысып, ақша айналымы бизнесі барын, қаржы салу арқылы тез табыс табуға болатынын айтқан. Әдетте 100 мың теңге салғызып, кейін оны 120 мың теңге етіп қайтарған. Осылайша жұрттың сеніміне кіріп, айналымға үлкен сома - миллиондар салынған кезде алаяқ оның бір бөлігін процент ретінде қайтарған. Ал қалғанын сұрағандарға «ақша жұмыс істеп жатыр» деген сылтау айтып, қосымша қаражат салуды сұраған. Зардап шеккендер келіскен», - дейді Петропавл қалалық Полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Марат Жанғожинов.
Полицейлердің айтуынша, жұрт пайда көру үшін банктен несие алған, айналымға ақша салуға туған-туыстарын көндірген. 
«Бір жағдайда күдікті зардап шегушіден 27 млн теңге алған. Бұл іспен ол 2018 жылдан айналыса бастапты. Жұрт полицияға арызданбас бұрын уәде етілген түсімді айлап күткен», - дейді Марат Жанғожинов. 
Бұл факті ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлімі «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазір күдіктінің бірнеше іске қатыстылығы анықталып, қамауға алынды. Зардап шеккендер анықталуда. Әзірше келтірілген шығын мөлшері 40 млн теңге шамасында. 




ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 маусым 2019 г. 166 0