Арыстағы тұрғын үй кешені неліктен әскери арсеналға жақын орналасқаны түсіндірілді

Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дандыбаев стратегиялық арсенал неліктен Арыстағы тұрғын үй кешеніне жақын орналасқанын түсіндірді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта болған оқиғаға байланысты жауапкершілікті біреуге артып қоюды ойлап отырған жоқпыз. Десе де, болған жағдайға шынайы баға берілуі тиіс. Біз арсенал неліктен тұрғын үй кешеніне жақын орналастырылған деп айтпауымыз керек. Тұрғын үй кешендерінің кеңейіп, өскені соншалық - 1930 жылдардан бергі арсеналға жақындап кеткені ескерілуі тиіс», - деді Тимур Дандыбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол өз сөзінде аталмыш арсенал Совет одағы кезінде нақты стратегиялық маңызға ие болғанын тілге тиек етті.
«Бірақ, ол кезде Арыс шағын ғана ауыл болатын. Қандай да бір төніп тұрған қауіп те жоқ еді. Уақыт өтті, өмір өзгерді. Елді мекен кеңейе келе стратегиялық нысанға жақындады. Біз бұл мәселе туралы бірнеше мәрте ескертіп, тиісті ұсыныстарды берген болатынбыз. Бірақ, айналып келгенде мұның бәрі әлеуметтік мәселелерге байланысты болды. Яғни, халықты ол жерден көшіріп, қауіпсіз жерге орналастыру - белгілі бір қиындықты, әсіресе қаржылық-экономикалық күрделілікті тудыратын еді. Осыған байланысты комиссия істің ақ-қарасын ажыратар. Кінәлі адамдар тиісті жазасын алады», - деді Тимур Дандыбаев. 




ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 маусым 2019 г. 345 0