Әріптестер мерейі

Кеше қала әкімдігі қалам ұстаған қауымға құрмет көрсетті. «Ұшқыр қалам –  2019» фестивалінде қала әкімінің орынбасары Мира Қазбекова журналистерді төл мерекемен құттықтады.

– Жыл сайын мереке қарсаңында қаламгерлер еңбегін марапаттау – игі дәстүр. Бұл – сіздердің қалтқысыз еңбектеріңізге деген құрмет. Қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде қозғап, оны шешуге қосқан үлестеріңізге алғыс. Ең бастысы, жазарларыңыз таусылмасын! Халыққа айтар сүйінші хабар мен билікке ой тастар салмақты дүниелеріңіз көп болсын! – деді Мира Жомартқызы.

Мұнан соң халық пен билік арасында алтын көпір бола білген жаңалық жаршыларына қалалық мәслихат хатшысы Роза Боханова ізгі тілегін жеткізді. Шара барысында еңбегімен ерекшеленген бір топ БАҚ өкілі қала әкімдігінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен және «Ұшқыр қалам» номинацияларымен марапатталды. Ақпарат саласының ардагерлеріне де, жігерлі жастарға да бағалы сыйлықтар табыс етілді. Олардың қатарында әріптестеріміз, «Қызылорда-ньюс» интернет басылымының тілшісі Фариза Омарова, облыстық «Кызылординские вести» газетінің тілшісі Айжан Жарманова, «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Ерхан Ақын мен  қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Жарасхан Қуанышбай бар.


«СБ» ақпарат.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 маусым 2019 г. 292 0