Билік пен бұқараның дәнекері

Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов  «бұқараның көзі, құлағы һәм үні» деп атаған қалам ұстаған қауымның кәсіби мерекесіне орай А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Қанатты қалам –2019» салтанатты шарасы өтті.

Билік пен бұқараның алтын көпіріне, дәнекер дәйегіне айналған бұқаралық ақпарат құра­лының қай қоғамда да жауап­кершілік жүгі ауыр. Ұлтты ұйыстыруда, ел бір­лі­гіне сызат түсірмеуге қалам қаруымен қызмет ететін жур­налист еңбегі өлшеусіз. Бү­гінде облыста 100-ден астам бұқаралық ақпарат құрал­дары жұмыс істейді. Уақыт сұра­нысына сай сапалы сайттардың қызметі медиа нарығында бә­секеге қабілетті қалып танытып келеді. Кәсіби мереке қарсаңында ақжолтай жаңалық – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың журналистердің кә­сіби мерекесін ресми түрде бе­кітуге тапсырма бергені болды. Бұл БАҚ-тың қоғамдағы ролін айқындай түсетін бастама.

Сыр өңірінде бұқаралық ақпарат құралдарын мемле­кеттік тапсырыс арқылы қол­дау көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2010 жы­лы мемлекеттік тапсырыс қаржысы 155 млн теңге бол­са, 2019 жылы 757 млн теңгеден асып отыр. Қаржылық қол­даудың 9 жылда 5 есеге өсуі қоғамда бұқаралық ақпарат құралдарының ролі ерекше екендігін айшықтай түседі.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қалам ұстаған қауымды кәсіби мерекесімен құттықтады.

–  Елімізде жаңалықтың жар­шысы, билік пен халық арасындағы сенімді дәне­кер бұқаралық ақпарат құрал­да­рына деген ықылас ерекше. Сыр журналистерінің кәсі­би­лігін шыңдау мақсатында ха­лықаралық деңгейдегі форум, конференцияларға қатысу дәс­түрге айналып келеді.

Өткен жылдың екінші жартысында Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ақпарат саласы майталмандарының қатысуымен өткен жиындар, Мәскеу қаласында өткен халықаралық медиа шаралар және биылғы жылдың мамыр айында өткен Еуразиялық медиа форумға БАҚ өкілдерінің қатысуы аймақ журналистикасына тың серпін берері сөзсіз,– деді Руслан Рүстемұлы.

Сондай-ақ журналистерді ұжымдық бірлікке тарту мақ­сатында БАҚ өкілдері арасында спорттық шараларды ұдайы ұйымдастыру дәстүрге айналды.

Мерекелік шара аясында бірқатар журналистер Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хат және түрлі номинациялар бойынша марапатталды.

Кәсіби мерекеде Қазақстан Журналис­тер одағының «Қазақ­станның құрметті жур­налисі» атағын ұзақ жылдар бойы «Сыр бойы» газетінде фототілші болып қызмет атқарған, аймақтың фотошежіресін жасап, тарихқа айналдырған Болат Омаралиев иеленді.

Мерекеде биыл жарыққа шық­қанына 90 жыл толып отыр­ған Сыр елінің бас басылымы «Сыр бойы» газетінің бірқатар қызметкерлері де марапатталды. Атап айтқанда, басылым бас редакторының орынбасары Мұрат Жетпісбаев пен компьютер бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Оразбаев облыс әкімінің Алғыс хатымен, жауапты хатшы Дәуіржан Елубаев ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Алғыс хатымен, аға тілші Айнұр Батталова «Сырлы сөз» номинациясымен марапатталды.

Жылдағы дәстүр бойынша С.Бермағанбетов атындағы жас журналистер байқауының жеңімпаздары анықталды.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 маусым 2019 г. 106 0