Жасанды интеллект адамның орнын баса ма?

Жасанды интеллект адам өміріндегі барлық салаға еніп, технологиялар өмір сапасын жақсартатынынан көпшілік үмітті. Адам энергиясын үнемдеуге ықпал етіп, көп мәселенің шешімін тауып жатқанын да ақпарат құралдары жарыса хабарлап жатыр.

Ғалым Александр Герберт 1965 жылы «20 жыл ішінде машиналар адамның істей алғанының бәрін игермек» деген болатын. Алайда 55 жылға жуық уақыт өтсе де, машиналар оған жеткен емес. Жалпы, жасанды интеллектінің тек технологиялық емес, адами құндылықтарға, еңбек нары­ғына әсері қандай?

Таяқтың екі ұшы болатыны белгілі. Адамзат ақылының темірден жұмысқа жарамды дүние жасап шығаруына, оған бірнеше міндетті беріп, өз жұмысын жеңілдетуіне күші жетті. Бүгінде әлем болып, бұл кереметке сүйсініп жүргенде, келешекте айшылық алыс жерлерден жылдам ха­бар алғызған технология­лары­мыз адамның өзін жұм­сап қалуы мүмкін деп күдік­тене бастады. Бұл оймен Нобель сыйлығының ие­гері, белгілі экономист Джо­зеф Стиг­лиц те келіседі. «Бар­лы­ғы­ның үміттенетін жұмыс ап­та­сының 45 сағаттан 25 сағат­қа қысқартатын жасанды ин­тел­лектіні өмірімізге енгізбес бұ­рын, алдымен оны толықтай  ба­қы­лауда ұстауға дайын болу керек» дейді экономист ғалым.

Жасанды интеллект та­қы­рыбын қозғай қалсақ, екі мәселе ескерусіз қал­май­­ды. Алғашқысы – адам­зат­қа әсері, екіншісі – оған қарым-қатынасымыз. Тіп­ті, белгілі ғалым Стивен Хо­кинг те кезінде жасанды ин­тел­лектінің қауіпті екенін бол­жады. «Компьютерлер бір күні өздерін өздері шы­ға­ра­тын жағдайға жетеді» деп, адам­заттың ақырына алып келуі қаупін ескертті. Мұндай күдіктер орынды. XIX ғасырдың өзінде Англия­да технологияның ілгерілеуі­нен жұмыссыз қаламыз деп қорыққандар ереуілге шығып, бой көтерген. Оларды «луддитер» деп атаған. Бүгінде «нео-луддизм» деген түсінік бар. Бұл да ескісінен алыстай қоймады, яғни XXI ғасырдағы қоғамның инновациядан қор­қуын сипаттайды.

Не дегенмен, бүгінгі ең­бек нарығында жасанды ин­тел­лектінің адамдардың жұ­мыс­сыз қалуына себеп бол­ғаны­на бірнеше дәлел бар. Мәсе­лен, Қытайдағы Foxconn ком­па­ниясы фабрикадағы жұмыс­шылардың санын 110000-нан 50000-ға қысқартпақ. Компания роботтандыру үшін 610 млн АҚШ долларын жұм­саған. Электроника құ­рал­дарының дизайнымен ай­на­лысатын Shenzhen Everwin Precision Technology ком­паниясы жұмыс күшін түгел­дей роботтарға ауыстыраты­нын мәлімдеді. Бұл өз кезе­гінде әлеуметтік мәселе тудыруы мүмкін. Жұмысынан ай­рыл­ғандар енді қайда барады, өмірі не болмақ?

Дүниежүзілік валюта қоры 2019 жылдың мамырында 28 елде, соның ішінде ЕЭЫҰ-ға мүше мемлекеттерде өткізген зерттеу нәтижесін ұсынды. Ақпаратқа сүйенсек, роботтар әйел адамдардың жұмысын 40 пайызға қысқартса, ер адамдар қызметі 38 пайызға кеміген. Бұл зерттеуде ең­бек нарығына жасанды ин­тел­лектінің енгізілуі, ІЖӨ көр­сет­кіші мен мемлекеттегі өн­діріс сияқты факторлар есеп­ке алынған. Осы жерде жұ­мыс­тан қысқарғандар не іс­тей­ді деген сұрақ пайда бо­лады. Сонда жасанды интеллект адамзат­тың жұ­мыссыз қалуына себепкер ме? Жұмыстан еш сұран­бай­тын, ауырмайтын, жалақы сұ­рамайтын жасанды интел­лект кәсіпкерлер үшін тиімді. Бірақ жасанды интеллект жаңа мүмкіндік тудырады. Жасанды интеллектті­нің тілін түсінетін, технология­дан хабары бар маманның сұранысқа ие болатыны сөзсіз. Сонымен бірге бағдарламалау тілін білетін жұмысшының жалақысы да сәйкесінше жоғары болатынын ойласақ, жасанды интеллект еңбек нарығына ғана емес, мамандар даярлауға да әсер етпек.

Қауіп-қатері аз болмаса да, сарапшылар мен ғалымдар жасанды интеллектінің адам орнын толықтай басып, тіпті адам­ды басқаруы мүмкін емес екенін айтады. Өйткені жа­сан­д­ы интеллектінің жүрегі са­­на­­латын «машина IQ-і» ұғы­мы адам баласының IQ-інен өзге дүние. Google DeepMind компаниясы жасанды интеллект пен адамның мүмкіндіктерін салыстыру үшін көптеген сы­нақ жасаған болатын. Олардың нәти­жесінен жасанды интел­лект белгілі бір бағытқа арнайы жасалатынын көре аламыз. Медицина, логистика, өндірісте қолданылатын ро­бот­тардың бір-бірінің орнын ауыстыру мүмкін емес. Бұлар – тар алаңдағы арнайы бағдарламалар. 

Жоғарыда айтып кеткені­міз­дей, машиналардың адам­ның ісін үйренуге 20 жыл қа­жет еді. Бірақ 65 жыл өтсе де, то­лық адамды ауыстырған дең­гейге жете алмадық. Адамзат әлі де жасанды интеллектіні дамытуға күш салып жатыр. Ал ғалымдардың болжауын­ша жасанды интеллектінің «жалпы» және «супер» деп аталатын тағы екі кезеңі бар. Өнер үйреніп, сурет салу былай тұрсын, адамдар сияқты эм­­па­тияға да ие болатыны күті­­леді.  Бұл қашан іске асары бел­­гі­сіз. Қандай жағдайда да, жа­сан­ды интеллектіні адам­зат инновация құралы, жұ­мыс­­ты жеңілдетудің тәсілі ре­тін­де ойлап тапқанын естен шығармаған жөн.


Егемен.кз
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 маусым 2019 г. 104 0