"Жақсылығы үш еселеніп қайтты". Тауып алған 5 миллионды қайтарған отбасының оқиғасы

 Тауып алған 5 миллион теңгесін қалтаға баспай, иесіне қайтарып берген Түлкібас тумасы Нұрсұлтан Әміровтің жақсылығы алдына үш есе болып қайтты, ол жақында 15,5 миллион теңгенің пәтерін ұтып алды. Нұрсұлтанның жары Алина Tengrinews.kz тілшісіне қалай пәтерлі болғанын айтты.
 Бақытты отбасының қуанышы жайлы хикаяны ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатқан арнайы жоба аясында әңгімелейміз. Жас отбасының биыл отау құрғанына үш жыл болды. Жақында тұңғыш ұлы Айбарыс дүниеге келген.
 "2016 жылы отбасы құрдық. Сол жылы күйеуімді Петропавлда оқуын бітірген соң елордаға Ұлттық ұланға жұмысқа жіберді. Қазір ол - аға лейтенант. Келесі жылы мен де университетімді тәмамдадым. Өзім отбасы дәрігерімін. Көшіп келгелі Нұр-Сұлтанда пәтер жалдап тұрғанбыз", - дейді Алина.
  Нұр-Сұлтанда жас отбасы қызық оқиғаға тап болған. 2017 жылы EXPO халықаралық көрмесі кезінде 5573 әскери бөлімінің жасағы әмиян тауып алған. Сол кезде бұл жасақтың кезекшісі лейтенант Нұрсұлтан Әміров болған екен. Әміров көп ойланбастан, ішінде 20-25 дана еуро купюрасын, шамамен, 5 миллион теңгесі бар әмиянды ІІД қызметкеріне апарып берген. Осылайша, арнайы жасақтың арқасында қыруар сомасы бар әмиянның иесі табылған. Сол үшін Әміров бастаған ұландықтар марапатқа ие болған.  
Нұрсұлтанның адалдығы кейін өзіне үш есе қайырыммен келді. Жары Алинаның айтуынша, биыл отбасы арнайы ұтысқа қатысып, 15,5 миллион теңге тұратын пәтер кілтін алған.   "Адалдықтың арқаны ұзын" дейді емес пе, биыл, міне, қуанышымызға орай пәтерлі болдық, ұлымыз да дүниеге келді. Мұның алдында екі ұтысқа қатысқанмын. Амал не, олжалы болмадым. Бұрыннан бақылап жүретін бір адам бар, сол байқау жариялады. Өзі қайырымдылықпен айналысқан соң, берген ақшам жақсылыққа, балалардың еміне кетсін дедім, ол кезде жүкті болғанмын. Перзентханадан шығып, баланың қамымен жүргенде жаңа пәтерге ие болдың деген хабар келді. Үсті-үстіне қуаныш болды ғой бұл. Ұтысқа қатысқанымды мүлде ұмытып кетіппін, бірдеңе жеңемін деп те ойламаппын. Күйеуімнің жақсылығы қайтқан шығар", - дейді Алина.

Дереккөз: massaget.kz
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 шілде 2019 г. 150 0