Арыста үйі, дүкені және үш көлігі өртеніп кеткен тұрғын Үкімет басшысынан көмек сұрады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Арыс қаласына жұмыс сапары барысында жергілікті тұрғындармен кездесіп, жағдайларын білді. Қалалық халыққа қызмет көрсету орталығын аралау кезінде Үкімет басшысынан үйі толықтай өртеніп кеткен тұрғын көмек сұрады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ілесхан Мыңбаевтың айтуынша, жарылыс кезінде  оның үйіне снаряд түсіп, жаңадан алған үш көлігі мен баспанасы, дүкені мен қора жайы толықтай жанып кеткен. Осылайша, күнделікті табысынан айырылған азаматтың үш қойы ғана тірі қалыпты. Қазіргі таңда бұл отбасы апаттан келген  шығын көлемін  100 млн теңгеге бағалап отыр. Осыншама шығынға батып, отбасымен далада қалған арыстық тұрғын көліктерінің шығынын ешкім өтеп бермей жатқанын айтады. Көлік сақтандыру компаниялары мен жергілікті билік шығындардың өтелмейтінін айтыпты. «Жарылыстан 2012, 2013 және 2014 жылы шығарылған үш көлігім жанып кетті. Сізден көмек сұрамасақ, басқа жақтан көмек болмай тұр. Себебі, сақтандыру компаниясы бас тартып жатыр. Олар тек жол көлік оқиғасы кезінде ғана төлейміз дейді. Соған көмек берсеңіз», - деді Ілесхан Мыңбаев.  
Бұл мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қарастырып көретінін атап өтті. Ал, арыстық тұрғынның өртенген үйі мен дүкенін Шығыс Қазақстан облысы салып беретінін жеткізді.  




ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 шілде 2019 г. 120 0