Арыстағы қойманы әдейі өртеуі мүмкін – Нұрлан Ермекбаев

Мерт болған әскерилердің отбасына 5 жылдық еңбекақы көлемінде бір реттік төлем беріледі.

ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыстағы қойманы әдейі өртеуі мүмкін деген нұсқаның да қарастырылып жатқанын айтты. Бұдан бөлек, министр жауапкершіліктен ешқашан қашпағанын, және қашпайтынын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еске сала кетейік, 24 маусым күні таңертең Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында жарылыс шыққан болатын. Салдарынан үш адам өлім құшып, 170-ке жуық адам зардап шеккен еді. Сондай-ақ 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 85 пайызы бүлінгені тағы бар.  

«Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Барлық ықтимал нұсқалар қарастырылады. Адами фактор, өрт қауіпсіздігі ережесінің бұзылуы, техникалық себептер, немқұрайлылық, тіпті әдейі өртеу немесе диверсия нұсқасы да жіті тексеріледі. Тергеу нәтижесімен әр лауазымды тұлғаның жауапкершілігі анықталады», – деді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ.

Қорғаныс министрі Арыста мерт болған әскерилердің отбасына лауазымына байланысты 5 жылдық еңбекақы көлемінде бір реттік төлем мен жеке баспана алу үшін бір реттік төлем түрінде жеңілдіктер барын айтты.

«Өтемақы көлемі әскери қызметші жұмыс істеген өңір мен отбасы мүшелерінің санына байланысты беріледі. Сонымен бірге, марқұмды жерлеу, ескерткіш тұрғызу, мәйітті жерлеу орнына жеткізу шығындары көтеріледі. Өзге азаматтардың ерікті аударымдарына рұқсат беріледі. Біздің тәжірибеміз бойынша, қаза тапқан әскерилердің балаларын жергілікті әскери органдар бейресми қамқорлыққа алады. Олардың оқуына, жұмысқа орналасуына немесе өзге де мәселелеріне көмектесуге тырысамыз», – деді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 шілде 2019 г. 174 0