Арал ауданы: 441 оқушы «Қобыланды батыр» жырын жаттауда

  Арал ауданынан 441 оқушы қыркүйек айында өтетін «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қатысып, бағын сынайды. Оқушыларды жарысқа 221 мұғалім дайындауда.
Атай кетейік, бұл жоба Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.А.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында ұйымдастырылуда.
Байқау өскелең ұрпақты халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеуді, елдік пен ерлік рухына, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулуды мақсат етеді.
Сайыс республика бойынша 6-10 сынып оқушыларының арасында өтеді. Байқау аясында қатысушылар 132 беттен 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді.
Бүгінгі таңда байқауға қатысуға республика бойынша 5621 мектептен 50 мыңнан астам оқушы, 23 мыңнан аса мұғалім тіркелді.
Қызылорда облысы бойынша 2 800 шамасында оқушы мен 1400-ге тарта мұғалім тіркеліп отыр. Ал Арал ауданы бойынша 441 оқушы байқауға қатысады. Қазір оларды 221 мұғалім додаға дайындауда. 
Бүгінде ауданда жырды толық жаттап алған өрендер бар. Мәселен, Арал қаласындағы Жарасқан Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Жанерке Қалиева, (жетекшісі Жадыра Алиева), Сапақ ауылдық округіндегі №69 орта мектебінің 8-сынып оқушысы Бекарыс Жаңабаев (жетекшісі Гүлсара Сәрсембаева), Аманөткел ауылы №73 орта мектептің оқушылары Нұрдәулет Сейтжан, Хадиша Есенбайқызы (жетекшісі Бакыт Алдамжарова), Сапақ ауылдық округі №69 орта мектебінің оқушылары Ақнұр Кенжебаева, Біржан Бахитжанов (жетекшісі Бауыржан Мамытов), Жақсылық Жеткергенов (жетекшісі Ақнұр Нұрғазиева), №262 мектеп-гимназияның оқушылары Абат Қапанов, Жеңіс Нұрайым (жетекшісі Гүлбаршын Дәуленбаева), Қамыстыбас елді мекені №21 орта мектептің оқушысы Мөлдір Жақсылық (жетекшісі Құралай Жақыпова), Шижаға елді мекені Е.Көшербаев атындағы №57 мектептің оқушысы Серік Мерей (жетекшісі Гүлнұр Баетова) «Қобыланды батыр» жырын толық жаттаған. Қазірдің өзінде аудан ондаған оқушы 132 беттен тұратын жырдың 100 бетін жаттап үлгерген. Ал қыркүйекке дейін балалардың барлығы рухани мұраны түгел жаттайды деп үміттенеміз.
Айта кеткен жөн, рухани қазынаны насихаттап, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштікті дарытуды мақсат еткен байқауды республикада алғашқылардың бірі болып Қызылорда облысының білім басқармасы қолдау көрсетті.
Байқау 3 кезеңнен тұрады:
1-ші кезең аудандық;
2-ші кезең облыстық;
3-ші кезең республикалық.
Оқушыларға арналған жүлде қоры:
Аудандық кезең: 1-ші орын үшін 150 000 теңге (немесе бағалы сыйлық), 2-ші орын 100 000 теңге (немесе бағалы сыйлық), 3-ші орын 50 000 теңге (немесе бағалы сыйлық).
Облыстық кезең: 1-ші орын үшін 1 000 000 теңге, 2-ші орын 600 000 теңге, 3-ші орын 300 000 теңге.
Жеңімпаз оқушылардың мұғалімдеріне арналған жүлде қоры:
Аудандық кезең жеңімпаздарының ұстаздары Білім және ғылым министрінің арнайы дипломымен марапатталады.
Облыстық кезең: 1-ші орын алған оқушының ұстазы кемі 2 000 000 теңге, 2-ші орын кемі 1 200 000 теңге, 3-ші орын кемі 600 000 теңге.
Ұйымдастыру комитеті – «Qazaq Epos» қоғамдық қоры. Жобаның ресми өкілі – ақын, журналист Серік Сейітман. Жобаны қолдаушы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, «Qazaqstan» ұлттық арнасы, жергілікті атқарушы органдар.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 шілде 2019 г. 157 0