Қажылыққа еліміздің қай өңірінен ең көп адам барады

Биыл қажылық сапарға елімізден 3200 адам бармақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежановтың айтуынша, биыл қажылық сапарға елімізден 3200 адам бармақ. «Қажылық сапарға арнайы миссия құрылды. Оған дін істері комитеті мен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының өкілдері, денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері кіріп отыр. Қажылық кезінде ұйымдастыру жағынан, денсаулық мәселесі бойынша қиындықтар туындап жатса, миссия өкілдері көмектесетін болады. Бүгінге дейін қажылыққа ниет білдірген мұсылмандар үшін арнайы семинарлар ұйымдастырдық. Бұл сапардың қанша парызы, уәжіптері мен сүннетері бар екені елдегі 500-ден астам мешітте түсіндірілді. Арнайы семинарлардан өткен мұсылмандар Сауд Арабиясы елінде сол үйренгендері бойынша құлшылық ететін болады», - дейді Ержан Нүкежанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында. Комитет өкілінің айтуынша, биылғы қажылық маусымы шілденің 30-ынан басталады. 
«30 шілде күні қажылыққа ниеттенген азаматтар Шымкент және Ақтау қалаларынан Сауд Арабиясына сапар шегеді. Сауд Арабиясы тарапынан біздің азаматтарға 3200 квота бөлінген болатын. Бұл іске екі әуе компаниясы тартылып отыр. Оның бірі Сауд Арабиясынан Flynas компаниясы болса, Қазақстан тарапынан SCAT компаниясы. Олардың әрқайсысы 1600 адамнан тасымалдайды», - деді Дін істері комитетінің өкілі. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай Өтпенов қажылыққа ниеттенушілер арасында Түркістан облысының тұрғындары көп екенін айтады.
 «Халықтың тығыз орналасуы мен мешіт санының көп болуына байланыс Түркістан облысынан қажылыққа баруға ниет білдірушілер саны жоғары. Бұл өңірде 800-ден астам мешіт бар. Жас ерекшеліктеріне келетін болсақ, қажылық міндеті балағат жасына (кәмелет жасы) толған азаматтарға парыз болып саналады. Биылғы баратын азаматтардың орта жасы 30-50 жас аралығын қамтиды. Әрине барамын деушілердің арасында үлкен кісілер өте көп. Біз оларға алдымен денсаулық жағдайын ойлауға кеңес береміз. Себебі қажылық жай ғана барып келетін сапар емес», - деді ол. Еске салсақ, жыл басында қазақстандықтарды қажылыққа апаратын екі әуе компаниясы бекітілген болатын.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 шілде 2019 г. 231 0