Алтын күннің сәулесі

Әйтеке би кенттік клубы ұжымының ұйымдастыруымен өткен  Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шәмшия Жұбатовамен жерлестерінің кездесу кеші көпшіліктің санасында жылы әсер қалдырғаны анық. Өнер адамдарының арасында «Мықты жүргізуші кештің жарты жүгін көтереді» деген ұғым бар. Бұл жолғы жыр кешін  «Қазалының Левитаны» атанған танымал әнші Кенже-Әлі Асқардың тапқыр да әсем теңеулерге толы сөздермен өрнектеуі мазмұнын байыта түсті.

Қазақ поэзиясында қол­таңбасы бар ақындардың бірі – Шәм­шия Жұбатова  Қазалы ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика фа­культетін бітірген. «Нарын таңы», «Ана тілі» газетінде, «Жалын» аль­ма­нағында қызмет ат­қарды. Шы­ғар­малары «Бастау», «Балауса», «Же­тіген», «Жалын» ұжымдық жинақ­та­рына еніп, онға жуық кітабы жарық көрген.

Шарада ақынның шығармашылық жолына тоқталған аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жа­рылқағанов кеш иесіне аудан әкімінің «Алғыс» хатын тапсырды. Шәмшияға  ұлттық дәстүрмен камзол кигізіліп, сый жасалды. Мұнан соң  ағайындарының  атынан Мәлкайдар Дәрібаев, белгілі ақын Алмагүл Қаржаубаева мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев, сыныптастары ақ тілектерін білдіріп, ізет көрсетті. Жас ақындар Сағыныш Мұхитқызы, Ақжол Түменбай, Ба­қытжан Қаһар жыр арнады.     

Кеш барысында көрермендерді тебіренткен көрініс орын алды. Шәм­шияның әкесі Нұрсұлтан Жұ­батұлы – арқалы ақын атанған адам. Нұрсұлтан көкеміздің Кеңес Одағының батыры  Үрмәш Түктібаевтың анасы Нау­рызбикеге арнап жазған «Майданнан хат» және анасының атынан жауынгер ұлына арналған  «Майданға хат» атты толғаулары осы күнге дейін ел есінде. Бүгінгі кеште Нұрсұлтан  Жұбатұлының  термелері мен қызы Шәмшияның сөзіне жазылған әндердің  орындалуы ұрпақтар сабақтастығы деген ұғымның өміршеңдігін терең ұқтырды.

Жүздесу соңында Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Шәмшия Жұбатова өзіне жасалған туған елінің құрметі үшін жерлестеріне ризашылығын жеткізді.

Қазалы ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 шілде 2019 г. 163 0