Латын әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдастырушылық негіздері

 Қоғамдағы жаңғыру ең алдымен рухани жаңғырудан бастау алатыны белгілі. Қоғам мүшелерінің сана деңгейіндегі жаңғыруы ғана әлеуметті жаңа серпілістерге жетелейді. Осы ретте біздің саналы жаңғыруымыз тілдік жаңғырудан өрістейтіні де белгілі болса керек. Тілдік жаңғырудың басы – жаңа әліпби қабылдау. Латын әліпбиіне көшу туралы маңызды мәселе тәуелсіздік алған уақыттан бері сан рет көтеріліп енді, міне, шешімін тапты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көтерілген әліпби мәселесі оның 2017 жылғы 26 қазандағы және 2018 жылғы 19 ақпандағы Жарлықтарымен бекітілді. 

Осындай саяси шешім қабыл­данып, Президент Жарлығына сәйкес Ұлттық комиссия және оның жанынан Орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, ақпараттық және техникалық сүйемелдеу жұмыс топтары құрылды. 

Жаңа әліпбидің емле ережелерін дайындау бірнеше сатыдан тұрды. Бірінші саты – емле ережелердің концепциясын дайындау және қабылдау.  Концепция «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» ат­ты республикалық конференция­да А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғы­лыми қызметкері, филология ғылым­дары­ның докторы, профессор Н.Уәли тарапынан таныстырылды.

Екінші саты, емле ережелер ор­фографиялық жұмыс тобының ау­қы­мында екі үлкен семинарда тал­қыланды. Мұндай семинардың ал­ғаш­қысы Ақмола облысы Зеренді кен­тінде өткізілді. Осы Зеренді ке­ңесінде төл дыбыстардың таңбалану ережелері, соған сәйкес дұрыс жа­зу қағидаттары, дауысты және да­уыс­­сыз әріптердің емлесі, түбір сөз­дер емлесі, қосымшалардың жал­ғануы, бірге және бөлек жазыла­тын сөздердің емлесі, дефиспен жазы­латын сөздердің емлесі, бас әріп­тердің емлесі, қысқарған сөздер емлесі, шеттілдік сөздер емлесі және сөздердің тасымалдану емлесі сияқты емле ережелердің негізгі тараулары талқыланды. Осылардың әрқайсысы бойынша орфографиялық топ мүшелері өз ұсыныстарын орта­ға салды. Бұл ұсыныстар жалпы жұ­мыс тобында талқыланып қажетті ғылыми тұжырымдар жасалды.

Жаңа әліпби қабылдауда туын­дайтын мәселенің бірі – термин­дер­дің жазылуы. Осыған орай, Мә­дениет және спорт министрлігі рес­­публикалық конференция өткіз­ді. Оған еліміздегі терминтану және ор­фография салаларының жетек­ші өкілдері қатысты. Конференция қорытындысы бойынша қарар қабыл­данды. Қарарда тіліміздің лексикалық қоры мен сөзжасам тәсілдерін ұтым­ды, орынды жұмсау арқылы ана тіліміздің ішкі мүмкіндігін барын­ша тиімді қолдану; өзге тілдегі тер­миндердің дәл баламасын табудың мүмкіндігі болмағанда, туыстас түр­кі тілдеріндегі баламаларды қол­дану; өзге тілдерден терминдерді қабылдауда делдал тілдің көмегінсіз тікелей түпнұсқа тілден алу және оны тіліміздің фономорфологиялық ерекшелігіне сәйкес реттеу; тұрақты және жалпыға бірдей танылған тер­миндер  мен ұғымдарды қа­зақ тіліне аударуды реттестіру; бұ­рын қазақ тіліне  аударылған жал­пыға бірдей танылған терминдер мен ұғымдарды қайта қарап, сәтсіз баламаларын түпнұсқамен сәйкес­тен­діру; көп жылғы тәжірибе негі­зінде қалыптаса бастаған термин шы­ғар­машылығындағы шарттылық­ты ес­керу және ғылымы мен технологиясы жақсы дамыған, термин жүйелері жетілдірілген әлем тілдерінің тер­минқор қалыптастыру, терминжасам тәжірибелерін ескеру сынды мә­селелер қамтылды.

Үшінші саты – емле ережелерді сынамадан өткізу шаралары. Сына­ма­ның мақсаты – латыннегізді қазақ жазуы емле ережелерінің алғашқы жо­басындағы ұсынылған орфо­грам­маларға қатысты кеңсе қызмет­кер­лері мен өңірлердегі ересек тұр­ғын­­дардың және орта буын сынып оқу­шыларының тәуелсіз көзқарас­тарын білу. Сынаманың міндеті – Қазақстанның әр өңірі оқушы жастары мен ересек адамдары арасында қа­зіргі емле ережесіндегі проблемалы мәселелерді анықтау.

Сынама жұмыстарға  Ш.Шаяхме­тов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының орфографиялық және әдістемелік бө­лімдері толық қорытынды талдаулар жүргізді. Соның барысында мынадай басты нәтижелерге қол жеткізілді. Олар: сынамаға қатысушылардың басым көпшілігі осыған  дейін қа­лыптасып қалған дәстүрлі жазу нормасын сақтау қажеттігін көрсетті; жаңа  емле ережелерін жасауда жа­зар­ман санасы қабылдамаған, яғни қолданылмайтын емлелік қағи­дат­тарды ұсынудың қажетсіздігі бай­қалды; бірге жазылуы нормалана бас­таған тұрақты тіркестердің емлесін жалпы жұртшылық оң қабылдады; емле жасауда сыңарлардың түбір тұл­ғасы сақталып жазылатын морфо­логиялық принципке сүйену қажеттігі айқындалды. Жалпы көпшілік әліпби реформасының мәнін әлі де толық түсінбей жатқаны да байқалды. Сауалнама нәтижелері бойынша мынадай қорытынды жасауға болады.

Сауалнама нәтижелері шеттіл­дік сөздерді таңбалауда бір орфограм­малардың жұртшылық санасында екі түрлі нұсқада бірдей қолдау алғанын, ал басқа орфограммалардың тек бір нұсқасының жаппай қолдау алғанын байқатты. Сондықтан емлеші мамандар алғашқыларының ережесін жасауда тілтанымдық зерттеулер мен тілдің ішкі заңдылығынан шы­ғатын ұстаным бойынша дұрыс орфограмманы ұсынса, жұртшылық оны тез қабылдап кетеді. Алайда жаппай қолдау тапқан формалар тілтанымдық тұрғыдан қате болса да, стереотиптік сипат алғандықтан, олардың орнына ұсынылатын дұрыс нұсқаны енгізу тіл мамандарына қиынға соғады, сол себепті жаңа ем­лені насихаттау жұмыстарына көп мән берілуі тиіс.

Төртінші саты, Ұлттық комис­сияның хаттамалық шешімі бойынша емле ережелерінің жобасын халық арасына кеңінен насихаттау жұмыстары. Мұндай шаралар Астана қаласындағы Еуразия гуманитарлық институтынан басталды. Астана қаласынан бастау алған бұл шара елі­міздің өзге өңірлерінде өз жалға­сын тауып, 12 облыс, 20 қала, 17 аудан орталығындағы кездесулер, дөңгелек үстелдер мен семинарларға 16 мыңға жуық тұрғын қатысты.

Жұртшылықтың қойған сұрақ­тары мен ой-талқысынан жаңа әліп­бидің қазіргі жаһандану кезеңін­дегі замана ағымымен қатар қадам басуға мүмкіндік беретін маңызды құжат екендігін толық түсінетіндігі байқалады. Халқымызды жаңа әліп­биге көшу барысымен таныс­тыру және ақпараттандыру  мақсатын көз­дейтін түсіндіру-насихаттау жұмы­сына 50-ге жуық ақпараттық және ғылыми-әдістемелік топ мүшелері тартылған болатын. Құрамы Ұлттық комиссия жанындағы орфография­лық, әдістемелік, терминологиялық және техникалық-ақпараттық сүйе­мелдеу жөніндегі жұмыс топта­ры­ның мүшелері, жетекші ғалым­дардан тұратын бұл топ мүшелері көпшіліктің толғандырған сұрақ­тарына ғылыми уәжделген жауап берді. Жаңа әліпбиді, оның емле ережелерін көпшілікке таныстыруда және насихаттауда жалпыхалықтық диктанттың да орны ерекше болды. Мұндай жалпыхалықтық шара бүкіл ел ауқымында бір уақытта өткізілді. Оның мақсаты – латыннегізді қазақ тілі әліпбиінің, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» жобасының практикалық тұрғыдан меңгерілуін жан-жақты қамту, нақтылай түсу, өзін-өзі бағалау, бейімделу болса, міндеті – латыннегізді қазақ тілі әліпбиін меңгерту, жаңа емле ережелерімен таныстыру, жалпы тілдік реформаға деген көпшіліктің қызығушылығын арттыру болды. Диктантқа еліміз бойынша 1 млн 800-ге жуық адам қатысты.   

Бесінші саты – емле ережелерінің мақұлдануы. Латын конференциясында концепциясы мақұлданған, бірнеше өңірде сынама жұмыстары жүргізілген, 50-ге жуық тіл кафед­раларында талқыланған, орфогра­фия және әдістемелік жұмыс топта­рының сараптауынан өткізілген, жал­пы халық арасында танысты­ру жұмыстары жүргізілген жаңа әліп­бидің емле ережелері 2018 жылдың 6 желтоқсаны күні Қазақстан Рес­публикасы Премьер-Министрінің төрағалығымен өткізілген Ұлттық комиссия отырысында мақұлданды. Яғни емле ережелері жалпы қолда­ныс­қа жіберілді. Соның негізінде елімізде мекеме, нысан атауларын, жарнама мәтіндерін осы емле ережеге сәйкес жазу басталды. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына  2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көші­ру жөніндегі іс-шаралар жоспарын­да» емле ережелерін алдымен мұ­ға­лімдерге, оқытушыларға, әдіс­кер­лерге меңгертіп, солар арқы­лы жалпы көпшілікке үйрету міндет­тел­ген. Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 72 сағаттық «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» рес­публикалық курсын, 12 сағаттық «Жаңа емле: құрылымы мен маз­мұны» атты семинарын және респуб­лика көлемінде дәрістер өткізді. Сонымен бірге емле ережелері не­гізінде аталған жоспар бойынша «Қазақ тілінің үлкен орфографиялық сөздігі», «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» және әр түрлі оқу құралдары мен анықтағыштар дайындалады.

Бүгінгі күні «Тіл-Қазына» ұлттық орталығы мемлекеттік тапсырма аясында халқымыздың жаңа әліпбиді тез әрі тиімді меңгеруіне жол ашатын «Qazlatyn.kz» (Қазлатын.кз), «Tilqural.kz» (Тілқұрал.кз), «Sozdik­qor.kz» (Сөздікқор.кз) сияқты ұлттық порталдарын іске қосты. 3D форматта әзірленген «IQdos» (Айкюдос), «Селтең сері» анимациялық фильмдері балаларға жаңа әліпбиді жылдам игеруге мүмкіндік береді.  Бұл жобалар жұртшылық тарапынан оң пікірге ие болып, қолданушылар саны күннен күнге арта түсуде.

2018 жылдың қараша айынан бас­тап жаңа латын графикасындағы еліміздегі тұңғыш газет  –  «Тіл-Қа­зына» газеті шығарылып келеді. Газеттің сайты ашылып, оқырман­дардың онлайн режимінде  оқуына мүмкіндік қарастырылып отыр.

Жаңа әліпбидің емле ережелерін дайындау мен сараптау жұмыстары, жоғарыда аталғандай, 5 сатыдан тұрады. Ғылыми және практикалық жұмыстардан тұратын бірнеше ба­ғыттарды қамтитын бұл сатылар емле ережелерінің ең алдымен тіл табиғатын сақтауға негізделгенін және көпшілік қауымға жаңа жазуды игеру барысында қиындық келтірмеуге бағытталғандығын аң­ғартады. Бұл сатылардың ортақ мақ­сатқа жұмылдырылғандықтан ішкі органикалық байланыстары күшті және өзара тығыз байланысты. 

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстарының ішіндегі ең бастапқысы және өзгелеріне өзек болар ең негізгісі емле ережелерінің дайындалуы. Алдағы міндет –  латын графикасына негізделген қа­зақ тілінің емле ережесін бекіту. Осы ретте бірқатар ғылыми және ұйым­дастырушылық жұмыстар ат­қарылып жатыр. Оған елімізде тіл саясатын жүргізетін өкілетті мекемелермен бірге осы салаға қатысты барлық жетекші ғалымдар, мамандар үйлестірілді.

Лиза ЕСБОСЫНОВА,

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары, педагогикалық ғылымдар магистрі.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 шілде 2019 г. 67 0