Шахмат деген қызық бар

20 шілде – Халықаралық шахмат күні. Атаулы күн Халықаралық шахмат федерациясының құрылуына орай 1966 жылдан бастап аталып өтеді. Бүгінгі таңда аталған ұйымға әлемнің 200-ге жуық елі мүше. Федерацияның өз туы, әнұраны және ұраны бар.

Шахмат – өнер, ғылым және спорт элементтерін біріктіретін, қарсыластар үшін 64 торша тақтасында арнайы фигуралармен үстел үсті логикалық ойыны. Тарихы ондаған ғасыр­ларға созылатын белгілі стратегиялық ойындардың бірі болғандықтан шахматқа қатысты қызықты фактілер аз емес. Ондай фактілерді  білу үшін гроссмейстер болу шарт емес, әуесқойлардың да хабардар болғаны артықтық етпейді.

1. Шахматтың отаны болып Индия саналады. Шамамен 1400 жыл бұрын қазіргі Индияның территориясындағы Гупт мемлекетінде дүниеге келген. Ол жақтан Эраншахрға (қазіргі Иран мен Ирак елдері аумағы) жетеді, одан соң Таяу Шығысқа келіп, әрі қарай Еуропаға тарайды.

2. Пешканың алғашқы жүрісінде екі аттау бірінші рет 1820 жылы Испанияда енгізілген екен.

3. Қытай императоры Суй-Вэн-ди екі шетелдік саяхатшыны өлім жазасына кескен. Олардың бар кінәсі шахмат фигураларының бірін император деп айтқаны. Аспан асты елінің билеушісіне өзінің лауазымын қарапайым ойын фигурасына теңегені ұнамады.

4. Америкада шахмат туралы ал­ғашқы мәлімет 1641 жылы голландықтар қоныстанған Эстер Синглтон қалашығына қатысты айтылады. Ал АҚШ-тағы алғашқы шахмат турнирі 1857 жылы Нью-Йорк қаласында өткен.

5. Шахмат турнирлеріндегі бір жүріске ең ұзақ ойлану бризилиялық Франсиско Тройсу еншісінде. Ол 2 сағат 20 минут ойланыпты.        

6. Ең алғашқы "Ғарыш-Жер" партиясы 1970 жылдың 9 маусымында ұйымдастырылды. Онда "Союз-9" ғарыш кораблі экипаж мүшелері ғарышкерлерді дайындау орталығы қызметкерлеріне қарсы ойнады. Алғашқы ойын тең аяқталды.

7. Алғашқы кезде ферзь қиғаш бағытта бір клетка ғана жүріс жасай алатын болған. Содан кейін екі клетка жүріске рұқсат етілген. Кім білсін, егер Испания королевасы Изабелла ферзіні тақтадағы ең күшті фигураға айналдыру туралы тапсырма бермегенде бұрынғысынша қала берер ме еді. Міне, содан бері ол ең күшті фигураға айналды. Айтпақшы, Еуропада ферзьді королева деп атайды.

8. Шахмат партиясындағы жүріс­тердің ең алғашқы қағазға түсуі 900- жылдар шамасында орын алыпты. Бұл ойын бағдадтық жылнамашы мен оның шәкіртінің арасында ойналған.

9. Әйгілі ғалым Алан Тьюринг шахмат ойынына арналған әлемдегі тұңғыш компьютерлік бағдарламаны 1951 жылы жасап шығарған. Ол кезде мұндай бағдарламаны тестілік ойын үшін өңдейтін машина болмағандықтан ғалымның өзі алгоритм­дік есептеулерді орындап шығады.

10. "Deep Blue" – гроссмейстрге ұтылған алғашқы бағдарлама. Бұл партия 1988 жылдың қарашасында ойналған еді. Әйтсе де, тоғыз жыл өткен соң – 1997 жылы Гарри Каспаровпен болған екі ойында да жеңіске жетіп, адамды жеңген ең алғашқы машина аталды. Осылайша компьютер адамнан артық болмаса, кем ойнамайтын деңгейге жетті.

11. Жақсы сақталған ең көне шахмат фигуралары Солтүстік Шотландиядағы Льюис аралынан табылған. Оны ХІІ ғасырда исландиялықтар немесе норвегиялықтар жасауы мүмкін. Ерекше жасалған бұл фигуралар "Гарри Поттер және философиялық тас" фильміндегі сиқырлы шахмат фигуралар образына айналды.

12. Шахматтан әлем чемпиондары арасында чемпиондық атақты ең ұзақ иемденген адам – Эммануэль Ласкер. Ол 1894 жылдан 1921 жылға дейін 26 жыл 337 күн еш жеңілген емес.

13. Ағылшын тілінде жазылған ең алғашқы кітап Троя соғысы туралы болса, екіншісі шахмат ойынына арналыпты.

14. 1561 жылы испандық шіркеу қызметкері Руи Лопес де Сегура "Шахмат ойынындағы тапқырлық" атты кітап жазып шығарды. Бұл шахмат ойынын терең талдаған алғашқы еңбек. Шахматтағы испан дебюті Руи Лопес есімімен тікелей байланысты. Өйткені, ол жоғарыда аталған еңбегінде осы дебютке көп маңыз берген.

15. Дәрігерлер көп жағдайда адамның есте сақтау қабілетін жақсартуға шахмат ойыны жақсы әсерін тигізетінін айтады. Сондай-ақ, шахмат ойдың күрделі логикалық есептердің шешімін табуына көмектеседі. Сол себептен де Альцгеймер ауруына қарсы күресте шахмат ойынын ұсынады.

16. "Шахмат" атауы ирандық "шах" және "мат" деген сөздерден құралған. Ол көбінесе "король өлді" деп аударылып жүр. Ал шын мәнінде ең дұрыс ұғым – "король тұзаққа түсті" немесе "король қашып құтыла алмайды".

17. 1972 жылы Рейкьявикте Фишер мен Спасский арасында болған матчта кеңестік делегация чемпиондыққа үміткер Фишерді чемпионға жайсыздық жасау үшін түрлі элект­рондық және химиялық қондырғылар көмегіне сүйенді деп күдіктенді. Спасский отырған орындық тәулік бойы қорғалды. Матч біткен соң орындық зертханаға жіберілді. Алайда, күдікті ештеңе табылмады.

18. Филиппиндік жас бала Алехин Нури ФИДЕ тіркеген әлемдегі ең жас шахмат шебері болып есептелді. Қазір ол 9 жаста.

19. Ағылшын тілінде "rooky" сөзі “әйгілі шахматшы” деген ұғымды білдіреді.  Ол "rook" – ладья деген сөзден шыққан. Әдетте ладья ойынның соңғы жағында қосылады және ол ферзь секілді күшті фигура саналады.

20. Жиналмалы шахмат тақтасын 1125 жылы осы ойынды жақсы көретін дін қызметкері жасап шығарған. Өйткені, шіркеу өз қызметкерлеріне шахмат ойнауға ты­йым салған болатын. Өнертапқыштық қасиеті бар бір қызметкер шахмат тақталарын екі бөліп, бірінің үстіне екіншісін қойды. Сонда ол кітаптар сияқты болып көрінетін.

21. Шахмат сағаттарын 1883 жылы Томас Уилсон ойлап тапты. Оған дейін құм сағаттары пайдаланылатын. Ал қазіргі түрі 1900 жылы қосып, сөндіру механизмін ойлап тап­қаннан бастап енгізілген. Сағатсыз шахмат турнирі өткізілмейді.

22. Гарри Каспаров 1985 жылы тарихтағы ең жас әлем чемпионы атанды. Сол кезде оның жасы 22-де еді. Осы күнге дейін көптеген сарапшылар оны тарихтағы ең ұлы шахматшы деп есептейді.

23. Жүрістер саны  жөнінен ең ұзақ ойын 1989 жылы Белградта Николич пен Арсович арасында ойналған. Партия 20 сағат 15 минутқа созылып, ақыр соңында тең аяқталады. Осы ойында 269 жүріс жасалынған. Мұнан соң ФИДЕ 50 жүрістік тәртіп енгізді. Егер 100 жүрістен кейін ешқандай фигура алынбаса, онда ойыншылар ойынды созуға құқы жоқ, ойын тең аяқталды деп есептеледі.

24. Ал теорияға сәйкес шахмат партиясындағы ең ұзақ жүріс саны 5949 болады екен.

25. Шахмат партияларының саны бүкіл ғаламдағы электрондар санынан асып түсетін көрінеді. Егер де материяның майда бөлшектерінің мөлшері 79 саннан тұратын цифрды шамаласа, шахмат партияларындағы  қайталанбайтын комбинациялар есе­­бін көрсетуге 120 цифрдан құрала­тын сан жазу қажет екен. Демек, шахматтағы мүмкін болар комбинацияларды ойнап тауысу ешқашан орындалмайды деп түсінген дұрыс.

Көптеген ғалымдар шахмат адамның есте сақтау қабілетін дамытып, ойлау жүйесін жаттықтыратынына ешқандай күдік келтірмейді. Сондықтан да бұл ойынды спорт түріне жатқызады. Бұл ғажап ойыннан адамзат әлі талай ғасыр ажырымайтыны сөзсіз.

Әзірлеген

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

"Сыр бойы".

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 шілде 2019 г. 230 0