САЙЫН

Алпысыншы жылдары қазақ прозасына жаңалық әкелген үш ірі суреткер болды, олар - -Тобық Жармағамбетов, Ақан Нұрманов және Сайын Мұратбеков. «Нәзік бұлттар», «Отамалы» сияқты ғажайып хикаяларды жазған Тобық Жармағамбетов пен өрнегі өзгеше тоқылған «Құланның ажалы» сияқты классикалық романды туғызған Ақан Нұрмановтың көп қырлы таланттарының толық ашылмай кеткені - өзекті өртейтін өкініш. Бірақ, олардың соңына қалдырған осы азғантай әдеби мұрасының өзін сөз өнеріміздің баға жетпес байлығы, әрі зор табысы ретінде қабылдаған ләзім. 
Сыршыл суреткер Сайын Мұратбеков туралы әңгіме басқа, әрине. Сол уақытта бағын сынап көрмек болған қаламгерлер жүйрік тұлпарларын баптап, аламан бәйгеге енді-енді қосқалы жүргенде Сайын Мұратбеков «Менің қарындасым» атты алғашқы әңгімесімен-ақ жаңаша жазудың негізін қалап кетті. Содан бастап әдебиетке лек-легімен келіп жатқан алпысыншы жылдардағы талантты толқынның өкілдері Әуезов пен Майлиндерден кейінгі дәстүрлі прозаны жаңаша түрлендіру керек екенін ішкі бір түйсікпен сезе бастады. Басқаша сөзбен айтқанда, Сайын Мұратбеков тыңнан түрен салып, басқаша жазудың үлгісін іздеген талантты жазушылардың бәріне де жол көрсетіп берді. 
Неге екенін білмеймін, сол жылдары әдебиетімізге келіп, оны биік белеске көтеріп кеткен суреткерлеріміздің қай-қайсысы да Сайынның «шинелінен» шыққанын мүлде айтқысы келмейді. Ұлы жазушының қазақ әдебиетіндегі өзіне лайық орнын белгілеп берудің орнына, керісінше, бағасын төмендеткісі келген ағаларымыздың кейбір әрекетін көріп, жүрегім ауырды. Талантты жазушыдан үйренгенде тұрған не сөкеттік бар? Мәселе, сенің оны қандай биікке көтере білген шеберлігіңде емес пе? Орыс жазушысы Тургенев Ресейді айтпағанда, өз заманындағы Батыстың Золя, Моппасан, Флобер сияқты мүйізі қарағайдай қаламгерлеріне роман жазуды үйретіп кетті. Бірақ солардың еш қайсысы да өздерін Тургеневтің шәкірті екенін жасырған жоқ. Тургенев дүние салғанда оның әдебиетке сіңірген еңбегін ең жоғары бағалаған Моппасан болды? Ал, біз болсақ, құдды аяғымыз аспаннан салбырап түскендей, кімнен үйреніп, кімнен тағылым алғанымызды жасыруға тырысамыз. 
Сайын прозасының ең басты ерекшелігі онда суреткерліктен гөрі, психологизм басым. Шығармасында бір артық деталь жоқ. Мысалы, «Менің қарындасым» әңгімесінен деталь түгіл, жазушының қосқан бір ауыз сөзді алып тастай алмайсың. Орны үңірейіп, бірден көрініп қалады.
Ол адам табиғатын терең білетін және оқырманға әсер етудің тәсілдерін асқан шеберлікпен меңгерген -таңғажайып суреткер. Оның жазған шығармасы есіңнен кетпейді, кейіпкерлерін ұмыта алмайсың. Орыс әдебиетінде дәл осындай кемелдікке жеткен Чехов болса, біздің әдебиетімізде ол – Сайын Мұратбеков. Айталық, бала күнімде оқыған «Жабайы алма» повесінің қалай басталатыны, оқиғаның қалай өрбитіні және қалай аяқталатыны.. бәрі, бәрі есімде. Анау баласы өліп жынданып кететін әйелдің тағдыры есіме түссе, әлі күнге дейін сай-сүйегім сырқырайды....

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 тамыз 2019 г. 161 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Желтоксан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031