Мақсатына пайдаланбаса, мемлекетке қайтарылады

Өткен жылы аймақта мыңнан аса жер учаскелері мақсатты түрде пайдаланылмаған. Оның 470-і кәсіптік мақсаттағы жерлер болса, қалған 667-і ауылшаруашылық мақсаттағы жерлер. Қазір тиісті бақылау шаралары жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Қанатбек Серікбаев мәлімдеді. 
Осы жылдың І жартыжылдығын саралаған ол есепті мерзімде ҚР жер заңдылықтарының сақталуына жүргізілген 251 бақылау шараларының нәтижесінде 221 заң бұзушылық деректері анықталғандығын жеткізді.
– Орын алған құқық бұзушылықтардың 17 дерек бойынша 1926,875 мың теңге көлемінде айыппұл, 24 дерек бойынша ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Сондай-ақ, 180 дерек бойынша заң бұзушылықты жою туралы нұсқамалары берілді. Салынған айыппұл сомасының 1557,125 мың теңгесі мемлекетке өндірілді. Одан бөлек, 186 жер теліміне қатысты меншік иелері мен жер пайдаланушыларға берілген заң бұзушылықты жою қажеттігі туралы нұсқамалары жер учаскесіне құқық ауыртпалығын тіркеу үшін Әділет органдарына жолданды, – деді ол.
Бүгінде нұсқама талабын мәжбүрлеп орындату және жер учаскелерді мәжбүрлеп алып қою мақсатында сотқа 21 талап арыз жолданған. Қазіргі сәтте 7 жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтаруға шешім қабылданыпты.
– Облыс әкімінің бірінші кезектегі іс-қимыл жоспары бойынша пайдаланылмаған немесе ҚР заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын барлық ауылшаруашылық жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға бақылауды күшейтудеміз. Осыған сәйкес, жалға беру шартын біржақты бұзу арқылы және түсіндіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 9965 гектарды құрайтын 38 жер учаскесі мен сот шешімі бойынша мәжбүрлі түрде 88 гектар болатын 1 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондықтан жер алған әрбір тұрғын заңға сәйкес  берілген жер телімін мақсатты түрде пайдаланса деген өтінішіміз бар, – деді облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 тамыз 2019 г. 151 0