Жетістікті өнімді еңбек еселейді

Кеше облыстық мәслихат депутаттары қаладағы жөндеу жүріп жатқан бірқатар спорттық нысандардағы жұмыс барысымен танысты. Алғашқы бағыт №5 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі болды. Тасбөгет кентінде орналасқан нысан 1970 жылы орта мектептің спорт залы ретінде салынған. 2001 жылдан бастап спорт мектебі болып пайдалануға берілген. Мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Жөндеу жұмыстарына  11 млн теңге қаржы бөлінген, жаңа оқу жылы басталғанша толық бітетін болады. Жалпы бізде 8 спорт түрі бойынша 700 оқушы жаттығады, 60 топ бар. Мектепке балалар 7 жастан бастап қабылданса, оларды 20 білікті маман жаттықтырады. Қазір тегін қабылдау жүріп жатыр, – дейді №5 ОРМБЖМ директоры Серік Сексембаев.

Айта кету керек, дәл осы спорт мек­тебінен Сыр өңірінің мақ­танышы, жасөспірімдер ара­сындағы олим­пиа­даның бай­дарка және каноэде есу спор­ты­ның  жүлдегері Диас Бахраддин шыққан.

Мұнан кейін халық қалау­лы­лары Жалаңтөс баһадүр атын­дағы олимпиадалық резервтің маман­дан­дырылған мектеп-интернат-колледжі­нің күрделі жөн­деу жұмыс­тарын бағам­дады. Негізі 50 жыл бұрын қаланған ғимаратқа осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жұмыстары мүл­дем жүрмеген. 2011 жылы ғана интернаттың жатақ­ханасы ағым­дағы жөндеуден өткен. Бүгінде қасбетіне дейін толық жаңартылуда. Жөндеу жұ­мыс­тарына 185 млн теңге қаржы қарас­тырылған, оның ішінде  қасбеті мен қоршау жүргізуге  112 млн теңге бөлінсе, жатақхана ғимаратын жөндеу 73 млн теңгені құрайды. Өткен жылы ғана колледж мәртебесін иеленген ғимараттың жұмысы қыркүйек айында аяқталып, оқушылардың қуанышын еселемек.

Бұдан бөлек, депутаттар қайта жаң­ғыртудан өткен Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионды, “Евразия” спорт кешені мен облыс­тық дене шынықтыру және спорт басқармасының ғимараты және “Қайсар” футбол клубының базасында болып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

–    Еліміздің заңды­лық­тары­на сәйкес, бюджетті бекіту, оның орындалуын қадағалау мәслихаттың тікелей міндеті болып саналады. Осыған сәйкес, аймақтағы спорт саласын дамы­туға жұмсалған қаржының иге­рілуін, жыл көлемінде бө­лінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау мақсатында спорт­тық нысандарды аралап көрдік. Алдағы уақытта қандай жұмыстарға көңіл бөлуіміз керек екендігін көңілге түйдік. Жалпы, спорттық нысандарға жөндеу жұмыстары   жақсы жүруде, – деді облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов.

Биыл өңірде жоғары спорт шеберлігі мектебі, №1, 2 және аудандардағы №8, 13, 19 облыстық олимпиадалық резервтің маман­дан­дырылған балалар жас­өспірім­дер  мектептеріне де ағым­дағы жөндеу жұмыстары жүр­гізілуде. Сондай-ақ, Қармақ­шы ау­данындағы орталық ста­дионның жөндеу жұмыстары аяқталса, Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі стадион да ағымдағы жөндеуден өтуде.

– Халықтың спорттық нысан­дарға қолжетімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында биыл 21 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Былтырғы жылы 9 жоба іске қосылды. Соңғы жылдар біздің Сыр спортшылары үшін жемісті әрі жеңісті болды. Спорттың әр түрінен 578 спортшы ұлттық құрамаға кірді. Сондай-ақ, “Қайсар” футбол командасының 20 жылдан кейін финалға шығуы – жанкүйерлер үшін үлкен жетістік. Келер жылы олимпиада, жоспар көп. Өңірдегі спорт саласын дамытуға барынша күш салатын боламыз, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов.

Мейрамгүл дАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 тамыз 2019 г. 93 0