Байқоңырдан робот басқаратын «Союз МС» кемесі ұшырылады

Бүгін «Союз МС-14» ғарыш кемесі орнатылған «Союз-2.1а» зымыран тасығышы монтаждау-сынақ корпусынан шығарылып, Байқоңыр ғарыш айлағының № 31 алаңындағы старт кешеніне орнатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Роскосмос» баспасөз қызметінің мәліметінше, мамандар ұшу алдындағы технологиялық операцияларға кірісті. «Союз МС» басқарылатын ғарыш кемесі пилотсыз ұшатын алғашқы кеме болмақ. Ғарышкердің орнына Skybot F-850 атты адам кейпіндегі робот отырғызылған. Ол «Андроидная техника» компаниясының Перспективалы зерттеулер қорымен бірлесіп шығарған өнімі. Жоспар бойынша, «Союз МС-14» ғарыш кемесі бар «Союз-2.1а» зымыран тасығышы 22 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен 09:38-де ұшырылуы тиіс. «Союз МС-14» Халықаралық ғарыш станциясына ғарышкерлердің керек-жарағын, ғылыми зерттеулерге қажетті қондырғыны, медициналық құралдар, азық-түлік, экипажға жіберілген заттарды және тағы басқаларын жеткізеді.

Автор: Сара Қабиқызы


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 тамыз 2019 г. 68 0