«Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы өткізілді

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен Елбасы ұсынған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы өткізілді.

Мақсаты – тарихи-мәдени мұраларға саяхат жасау, орта ғасырлық қалалар, музейлер, сондай-ақ археологиялық ескерткіштер мен кесенелер тарихымен танысу арқылы осы заманға келіп жеткен этнографиялық мұраларды насихаттау.

Экспедиция облыстық ҚХА жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, аз қамтылған, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларынан құралды.

Экспедиция қатысушылары алдымен Түркістан облысына табан тіреп, ортағасырлық сәулет өнерінің жарқын үлгісіне айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралады. Мұнда жастар Қожа Ахмет Ясауидің өміріне байланысты естеліктер, құжат, экспонаттарды тамашалады.

Мұнан кейін экспедиция Түркістан облысының батысынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан Сауран қалашығында жалғасты. XIII ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болған. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұналарының қалдықтары бар, ауданы 500-880 м дөңгелек алаң. Экспедиция мүшелері қаланың ішіне қақпа арқылы кіріп, қаланы қоршаған дуалдың сырт жағындағы көптеген каналдардың ізін көріп, жеті қатар қорғаныс қабырғаларын зерделеді.

Экспедициясының соңғы аялдамасы – Сыр өңіріндегі тарихи ескерткіштердің бірегейі – Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының, кейін Қазақ хандығының астанасы болған, екі мың жылдық тарихы бар көне қала – Сығанақ болды. Сығанақ қаласының орны қазіргі «Сунақата» елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 2 шақырымдай жерде орналасқан бес бұрышты төбе, аумағы 20 гектардай жерді алып жатыр.

Тарихи-танымдық саяхатқа қатысқан экспедиция мүшелері өңіріміздегі тарихи жәдігерлерімен танысып қайтқандары үшін зор алғыстарын білдіріп, рухани азық алғандарын жеткізді.

Облыстық Қазақстан халқы

ассамблеясының баспасөз қызметі

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 тамыз 2019 г. 166 0