2900 гектар жер облыс аумағына өтуі мүмкін

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес ауыл шаруашылығындағы тауарөндіруші шаруашылықтардың егіс алқаптарын министрліктің QOLDAU веб-порталына енгізу арқылы аймақтағы егістік жерлердің электрондық картасын жасау мерзімінен бұрын аяқталған. Облыста 1 шілдеге дейін 180,8 мың гектар алқаптың электронды картасын жасау жоспарланса, 199,9 мың гектар жер веб-порталға енгізіліп, көрсеткіш артығымен орындалған. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев брифингте мәлімдеді.

Басқарма  басшысының айтуынша, мұнан өзге жайылым, шабындық және көпжылдық егіс жерлерінің электронды карталарын әзірлеу жыл аяғына дейін жалғасатын болады. Жоспар бойынша жалпы көлемі 1,9 миллион гектар жер веб-порталға енгізілмек.

Бос жерді ауылшаруашылық айналымына алу бойынша биыл 57,1 мың гектар жер жоспарға енген. Жобада аудандар мен қала бойынша конкурсқа шығарылатын жердің тізімі жасақталған. Биыл облыс бойынша 14 аукцион өткізіліп, жалпы көлемі 50,3  гектарды құрайтын 80 учаске сатылыпты. Нәтижесінде 38,3 миллион теңге бюджетке түскен.

Жер қатынастарын реттеуді жетілдірудің 2017-2021 жыл­дарға арналған іс-шаралар жоспарымен топырақ сапасына зерттеулер жүргізілетіні белгілі. Былтыр 476 мың гектар зерттеліп, балл бонитеті анықталған. Биыл 450 мың гектар жердің сапасы тексеріледі. Бүгінде дайындық кезеңі аяқталып, далалық зерттеу жұмыстары басталған. Сонымен бірге, геоботаникалық сараптау осы және келесі жылы жүргізілмек. Биылға жоспарланған 1 миллион гектар алқаптың жартысы зерттелген, бес далалық бригада өз қызметін тиісінше атқаруда.

Байқоңыр аймағында орналасқан Ресейге жалға берілген кейбір жер учаскелері облыстық жер қорына кіруі мүмкін. Бүгінге дейін екіжақты келісім аясында 11,6 мың гектар жер Қазақстан аумағына қайтарылса, алдағы уақытта  2,9 мың гектар өз тарапымызға өтпек.

– Ресейге жалға берілген жердің жалпы көлемі 600 мың гектар болса, оның 500 гектарында Байқоңыр қаласының өзі орналасқан. Ал, қалған аймақта ғарыш айлағы мен кешеннің орны немесе сол мемлекетке тиесілі кейбір мекемелер жайғасқан. Біз алты ай ішінде Байқоңыр қаласы әкімшілігімен бірге далалық зерттеу жүргіздік. Соның нәтижесінде 2900 гектар жерді өзімізге қайтару келісілді. Осы тамыз айында Мәскеуде өтетін үкіметаралық комиссия отырысына ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы ұсыныс тастадық. Егер оң шешімін тауып, тиісті құжаттарға қол қойылса, нақтыланған координаттар облыс қарамағына өтеді. Бұдан Ақай ауылы және Төретам кентінің шекарасы кеңейіп, елді мекен айналасына, әсіресе, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолының екі жағына кәсіпкерлік мақсатта нысандар салуға мүмкіндік туар еді, – дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, аймақта суармалы егіс көлемін ұлғайту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған. Облыстағы 236,9 гектар суармалы жердің көлемін 300 мың гектарға дейін жеткізу жөніндегі жауапты тапсырмаға сәйкес, барлық аудан бойынша мамандармен бірлескен талдау, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жаңадан ашылатын суармалы егіс алқаптары  95,7 гектарға жеткізіліп, облыста барлығы 332,6 гектарға дейін суармалы жерді ұлғайтуға мүмкіндік бары нақтыланған.

Ержан Қожасов.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 тамыз 2019 г. 96 0