Жазушылар туралы жаңа кинокартина жарық көреді

«Қаламгер» - бұл «Хабар» телеарнасының тапсырысымен түсірілген, режиссер Мұрат Бидосовтың жаңа картинасы. Туындыда XX ғасырдағы қазақ жазушылардың өмірі мен шығармашылығы сөз болады. Аталмыш фильмді 12 қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларынан көруге болады. 
Тарихи драмада - кеңес дәуіріндегі партия идеологиясының қытымыр қысымында қалып, ұлтын ұлықтап жүрген «ұлылардың» өмірі туралы баяндалады. Сол замандағы дүйім жұрттың барын баптап, жоғын жоқтаумен жүрген қарымы мол қазақ қаламгерлерінің бастан кешкен нәубеттері, заман мен адам ағымындағы қарама-қайшылықтар, билік пен бұқара арасындағы байланыс, өзекті өртеген өмір бұралаңдары, қилы тағдыр тауқыметін тартқан тума талант иелерінің өмірі. Осының барлығы – «Қаламгер» драмасынан көрініс табады. 
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, 70 жылдардағы әдеби ортада кімдер болды және қандай тұлғалар қандай еңбек жасады. Осы тұрғыдан ойланып көрсеңіз атақты Мұқағали, Асқар Сүлейменов, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Ілияс Есенберлин сияқты қалам қарымы өте қуатты өңшең мықтылардың дәуірі болды. Ол кездегі саяси жүйе біздің ұлттық санамызды, тарихи санамызды барынша басып тастауға тырысқаны айтпасада түсінікті. Ал сол 70 жылдардағы зиялы қауым цензураның қыспағынан жол тапқан жандар. Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабы, Есенберлиннің «Көшпенділері» сияқты сілкініс тудырған шығармалар дүниеге келді. Ол оңайлықпен жарыққа шыға салған жоқ. Сансыз кедергіден, сүзгіден өтті. Барлық ақын-жазушылардың шығармашылығында идеялогияның әсері бола тұра олар, жіңішке жол іздеген адамдар. Міне, осыны көрсете отырып, ұлттық мүддеге, әдебиетке шын берілген таланттардың тағдыр жолын көрсетуге тырыстық», - дейді картинаның режиссері Мұрат Бидосов. Сонымен қатар режиссердің айтуынша, фильмнің «Қаламгер» деп аталуының екі себебі бар. Біріншіден, қолына қалам алған жазушыларды меңзесе, екіншіден, оқиға желісі Жазушылар үйінің жанындағы «Қаламгер» кафесінде өрбиді. «Туындының сценарийі жазылу барысында ақын-жазушылардың естеліктері, мемуарлары түгелдей зерттелді, зерделенді. Шынында да көптеген оқиғалар аталмыш тұлғалардың басынан өткен. Дегенмен оны дәлме-дәл, қалай болды, солай келтіру ол көркем шығармаға тән емес. Сондықтан да оны дәмдеп, тұздап, сюжеттік желіге көркемдік тәсілдермен байланыстырып, көрерменге қызықты етіп жеткізуге тырыстық. Фильмнің титрында жалпы пайдаланылған оқиғалар кімнің қай шығармасынан, қай естелігінен алынғаны, яғни, әдебиеттер тізімін толық көрсеттік», - дейді Мұрат Бидосов. 
Драмада басты рөлдерді Ергенбай Абуев, Досжан Жанботаев, Балтабай Сейітмамытов, Наргиз Алтайбай, Бағдаулет Шаймахан, Жалғас Толғанбай, Кенен Ақүрпеков, Айдар Аманбай және т.б. актерлар сомдайды. Олай болса, 12 қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларынан «Қаламгер» тарихи дарамасын тамашалаңыздар.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 тамыз 2019 г. 158 0