Асыраушы саланың әлеуеті артады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

Әсіресе, асыраушы саланың әлеуетін толық пайдалану, оның ішінде суармалы жер көлемін 2030 жылға қарай 3 млн гектарға жеткізу керектігін тапсырды. Бұл егіншілік саласы түгел дерлік суармалы жүйеге негізделген Сыр өңірі үшін өте маңызды. Мұндай егістік көлемін 300 мың гектарға жеткізу бағытында нақты іс-шаралар жоспары қабылданды. Қазіргі күні аудандар мен Қызылорда қаласында суармалы жер көлемін нақтылау және игерілмей жатқан бөлігін айналымға қосу шаралары атқарылуда.

Айта кетейік, соңғы 5 жылда облыс бойынша суармалы жер мен қолданыстағы егіс көлемі 25 мың гектарға артты. Оның басым бөлігі мал азығындық, дәнді және майлы дақылдар үлесінде. Суармалы жер аумағын ұлғайту өнім өңдеу көлемін, жұмыс орындарының санын және халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Одан бөлек, Жолдауда ауыл шаруашылығы өнімінің экспорт аясын кеңейту туралы тапсырма берілді. Біздің аймақтан күріш пен ет, балық, бақша өнімдері республикада ғана емес, көрші мемлекеттерде де жоғары сұранысқа ие. Соңғы 5 жыл ішінде Сыр өңірінен экспортталатын өнім саны 18-ге дейін жетті. Импорт ағынын азайтып, экспорт көлемін көбейту шаралары әлі де жалғаса береді.


Сейілбек НҰРЫМБЕТОВ, 

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы 

басшысының міндетін атқарушы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 қыркүйек 2019 г. 165 0