Жастар мәселесі басты назарда

  Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын жариялады. Жолдауда жастардың сапалы білім алуы, мемлекеттік қызметке тарту, отбасы және бала институтын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жандандыру, жұмыссыз және маргинал жастармен жұмыс істеу басты назарға алынған.

Президентіміз өз сөзінде «Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырамын.

Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын.

Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес. Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз» деді.

Елдің болашағы білімді, ұтқыр ойлы  жастардың қолында екені белгілі. Осы орайда білім ордаларындағы сыбайластық әрекеттерді тоқтату маңызды. Мемлекет басшысы тапсырмасының орындалуы жастарға да тікелей байланысты, сондықтан Жолдаудың нәтижелі орындалуына баршамыз білек сыбана кірісуіміз қажет.



Талғат ТІЛЕС,
облыстық «Жас Отан» жастар қанаты төрағасы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 қыркүйек 2019 г. 349 0