Туберкулезге қарсы егу уақытша тоқтатылды

Республикада,  оның ішінде  облыста да туберкулезге қарсы вакцинациялау уақытша тоқтатылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Бибізада Дүйсенбаева хабарлады.

Мамандардың айтуынша биылғы тамыз айының аяғында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен  туберкулезге қарсы (БЦЖ) екпе салу тоқтатылды. Оған себеп жапониялық өндіруші «Japan BCG Laboratory» зауыты 35 елден оның ішінде Қазақстаннан да өнімдерін қайтарып алған. Қазіргі кезде министрлік үндістандық «SERUM institute of  INDIA» өндірісінің вакцинасын сатып алуды қарастыруда. Әзірге сала мамандары осыған байланысты жүкті әйелдер, жалпы тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

–Вакцина салу уақытша тоқтатылғандықтан жүкті әйелдер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өйткені БЦЖ – жаңа туған нәрестеге перзентханада салынатын алғашқы екпе түрі. Ол туберкулездің алдын алуға арналған. Вакцина салу жалғасқанша жүкті әйелдерден отбасы мүшелерінің флюрографияға түскені жайында анықтама тапсыру міндеттеледі.  Ол өмірге келетін нәрестенің қауіпсіздігі үшін аса маңызды,– деді Ә. Әбдіқайымова.

Сондай-ақ, брифигте облыс халқының санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету және денсаулығын қорғау мақсатында жүзеге асырылатын инфекциялық аурулардың иммундық-профилактикасы мен вакциналау жұмыстары туралы да баяндалды.

Аймақта 19 түрлі инфекциялық ауруға қарсы егу жұмыстары жүргізіледі. Жыл сайын 10 мыңнан астам жаңа туған нәресте мен 6-7 жастағы 3 мыңнан астам бала туберкулезге қарсы вакцинамен қамтылады. Өткен кезеңде 11 мыңға жуық  бала егіліп, олардың арасында иммундаудан кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркелмеген. Қызылша аурушаңдығы бойынша өңірде 300-ден астам аурумен байланыста болған адам егілген. Сонымен бірге аталған ауру бір жасқа толмаған балалар арасында көптеп тіркелуіне байланысты биыл 1 сәуірден бастап 9-10 айлық сәбилерді қосымша егу жүргізілуде. 7000-нан астам бала, 4500-ден астам медицина қызметкері екпемен қамтылған. Ауқымды шаралардың нәтижесінде аурушаңдықтың төмендегені байқалуда. Ал ересектер арасында неғұрлым жоғары сырқаттанушылық 20-29 жастағылар арасында тіркелген. Осыған орай облыста жақын күндері қызылша мен қызамыққа қарсы қосымша иммундау кампаниясы басталатыны белгілі болды.

Айнұр БАТТАЛОВА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 қыркүйек 2019 г. 611 0