Тіл–татулық тірегі

ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес 5 қыркүйек–Қазақстан халқы тілдерінің күні болып белгіленді. Оның өзіндік себебі де бар. Бұл күн - "Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы - тіл" деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осыған орай облыстық ішкі саясат басқармасы және «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Тіл татулық тірегі» атты фестиваль өтті.

Шараның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов жиналған қауымды мерекемен құттықтады. 

- Тәуелсіз қазақ елі ешкімді ұлтқа, діні мен тіліне және дәстүр ұстанымына қарап бөліп жармастан, құрметтеп бүкіл әлемге достық пен  бірліктің нағыз үлгісін көрсетіп келеді. Оның ішінде  өңірімізде ынтымағымыздың артуына әр ұлттың салт дәстүрлері мен тілі мен мәдениетінің дамуына, этносаралық қарым-қатынастардың жарасымдылығына облыстағы 11этно-мәдени бірлестік өкілдері де өзінің үлестерін қосуда. Облыс 2001 жылы республикада бірінші болып іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіргенін жақсы білесіздер.  Киелі Сыр елі де қазақ тілінің қолданыс аясы жыл өткен сайын кеңейтіліп, өзге де өңірлерге үлгі болатындай дәрежеге жету жолында дами беруі тиіс,– деді.

Мұнан кейін бірқатар тіл жанашырлары мен сала мамандары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Тіл саясаты комитетінің Құрмет грамоталарымен, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.

                                                                                                                                                                             

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қыркүйек 2019 г. 92 0