Туған жерге тағзым

Қазалы ауданындағы Ақсуат ауылында осы топырақтан түлеп ұшқан азаматтар туған жерінде тағылымды басқосу жасады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында орналасқан Ақсуат ауылы – аудандағы көрікті мекендердің бірі. Өткен жылы мұнда орталық саябақ пайдалануға берілсе, биыл 90 орындық балабақшаның құрылысы басталып жатыр. Сондай-ақ, ауылдық клубтың жоба-сметалық құжаттары дайындалып, қаржыландыруға ұсынылған. Жолдар да жөнделуде.

Шарада аудан әкі­мінің орынбасары Бақытжан Жа­рыл­қап  ақсуаттықтардың ау­ыз­біршілігі көпке үлгі бо­латы­нын атап өтті. Мұнан соң аудан өнерпаздары әннен ша­шу шашты. 

«Ауыл күні» аясында Со­циалистік Еңбек Ері Дүй­сенбай Мақановтың 110 жыл­­дығы да аталып өтті. Осынау игі қадамды бар өмі­рін ауылды гүлдендіруге, ауылшаруашылық саласын дамытуға арнаған еңбек адамына деген құрметтің үлгісі десек, жарасымды.

Кеңшарды Дүйсенбай Ма­қа­нов басқарған тұста ауыл ал­дыңғы қатарлы асылтұқымды қой шаруашы­лығы атанып, Одақтың, республиканың ау­ылшаруашылық жетістіктер көрмесінде жиі көзге ілікті. Та­бысы мол, мәдениеті өр­кен­деген, пайдалы өнім бе­ретін шаруашылыққа айнал­ды. Сол жылдары іргелі ауыл­да онжылдық мектеп, 200 ба­лаға арналған  интернат, 70 орын­дық балабақша, сау­да орталығы, қонақүй, асхана және монша салынды. Шаруа­шылықтың табысы жыл санап артты. Төл алудағы және жібек жүнді қой өсірудегі табыстары үшін осы шаруашылықтың шопандары Жоғарғы кеңестің депутаты болып сайланды.

Осы күні ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдас­тырылды. Балуандар бәсеке­сінде самбодан жастар ара­сындағы Азия чемпионы Абы­­лайхан Жұбаназ жеңімпаз ата­нып, бағалы сыйлыққа ие болды. Ауылдағы «Ақмырза ахун» мешітінде  Еңбек Ерінің аруағына құран бағышталып, №100 орта мектепте ғылыми-танымдық конференция өтті.

Ж.АЙДАРБЕКҰЛЫ.

Қазалы ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 қыркүйек 2019 г. 179 0