Жұмыс нәтижесіз емес

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға қолдау шараларын күшейту керек. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға деген көмек барынша сезілуі шарт. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе, Президент Жолдауында жүктелген тапсырмалардың бірі. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев саладағы өзгерістер мен осы тапсыр­маны орындау барысында атқарылып жатқан бастамалар жайын өңірлік коммуникациялар қызметінде тарқатып айтты. 

Оның айтуынша, биыл 1 сәуірден бастап 25658 отбасыға 10,4 млрд теңгеге атаулы әлеу­меттік көмек берілді. Сонымен қатар, 5886 отбасы құны 211 млн теңгені құрайтын тұрғын үй көмегіне қол жеткізді.

– Құжаттарды оңтайландыру арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі жеңілдетілді. Бұл үшін Е-халық ақпараттық жүйесі қолданылуда. Ақпараттық жүйелерде тиісті мәліметтер, тууы туралы куәлік, жеке куәлік болмаған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталықтары немесе ауылдық округтердің және кенттердің әкімдіктері тиісті мемлекеттік органдардан қажетті құжаттарды сұратып алдырады. Сондай-ақ, біз мүмкіндігі шектеу­лі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру мәселесіне де ерекше ден қойдық. Бұл ретте әлеу­меттік оңалту шараларының 80 проценті толыққанды орындалды деп айта аламыз. Мемлекеттік қолдау аясында кәсіпкерлерлікке кең өріс берілді. Соның нәтижесінде облыста 8721 жаңа жұмыс орны құрылып, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қатысушылар қатары артты. Қазір оған 18722 адам тіркеліп отыр, – деді басқарма басшысы.

Жиында облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Тұмар Шалбаева да БАҚ өкілдерін 6 ай көлемінде атқарылған жұмыстармен таныстыр­ды. Есепті мерзімде еңбек инспекторлары облыс аумағында орналасқан әртүрлі меншіктегі 214 мекеме мен кәсіпорынға тексеру шараларын жүргізген. Қорытындысында 262 заң бұзушылықтың беті ашылған. Бұдан бөлек, 784 жұмыскердің жалақы қарызы өндірілген. Әлеу­меттік еңбек дауы фактілері орын алмаған. Ахуал тұрақты. Себебі, қолға алынған жұмыстар нәтижесіз емес. Спикер еңбек қатынастары мәселелері облыстық үшжақты әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияда 4 рет қаралғанына тоқталып, облыстық әкімдік пен облыстық прокуратура әлеуметтік шиеленіс ошақтарының картасын үнемі жаңартып отыратынын да атап өтті.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қыркүйек 2019 г. 245 0