Төккен тердің жемісі

Диқан қауымы ала жаздай күн көзіне пісіп жетілген егінді жинауға кірісті. Дала кемесіндей алып техникалар атыздан-атызға өтіп, дәнді дақылды масақ қалдырмастан жинап, бункерге тоғытуда. Бұл жергілікті «Мақсат» фермерлік қожалығындағы дала дүбірі.

Әзірге бітік өскен егіннің үштен бірі жиналған. Негізі қожалық 120 гектарға күріш және 30 гектар жерге жоңышқа екті.

Шаруашылық мамандарының айтуынша егістік алқаптарында жүрген техниканың бәрі су жаңа. Жер танабын қуырған екі комбайн алтын реңдес алқап үстінде жосылтып барады. Әзірге гектар берекесі 60-65 центнерден айналуда.

– Гектарынан қаншадан алғанда өзін-өзі ақтайды? – деп сұрадық шаруашылық басшысы Мақсат Дәулетбековтен.

– Ол енді егіннің шығымына байланысты ғой. Әр гектардан 60 центнерден жоғары өнім алғанда тұқымы бар, жанар-жағар майы бар, салығы мен еңбеккерлерге төленетін жалақыны, бәрін қоса есептегенде, өзін-өзі ақтап шығады. Негізі 4 жылдың көлемі болды, күріш дақылын егумен айналысып келеміз. Әр жылда мол өнім алуға тырысып отырмыз. Бір қуанарлығы биыл күріштің шығымы жақсы, – деді ол.

Шаруашылық ауқымы шағын болса да өзге жерлердегідей қарбалас науқанда білікті мамандардың жетіспеушілігі тәрізді қиындықты бастан кешіп отырған жоқ екен. Мәселен, мұнда 14 адам жұмыс істейді. Барлығы осы ауылдың азаматтары. Өнімнің бітік шығуы үшін аянбай тер төгіп жүрген майталман механизаторларлардың бірі Марқабай Бегалиевті де егіс алқабынан кездестірдік. Еңбек адамы бұған дейін де осы салада ұзақ жылдар бойы жұмыс жасапты.

– Көктем шыға дала қосына аттанамыз. Жер жыртып, дән сеуіп, атызға су жібергенше техникадан түспейміз. Одан кейін егінді күтіп-баптауға кірісеміз. Жалпы, осы жұмыстардың артында қызу еңбек жатыр ғой. Ал күріш піскен уақытта атызға түсіп, дәнді ысырапсыз жиып алуға жұмыламыз. Өзім негізі жаткист әрі механизатормын. Бәріміз бір үйдің баласындай аянбай еңбек етіп, мол өнім алуға тырысып келеміз, – дейді Марқабай Бегалиев.

«Елде болса, ерінге тиеді» демей ме?! Шаруашылық ауылдағы балабақшаға, мектеп асханасын күрішпен қамтамасыз етіп отыр. Бұл да ауыл дихандардың дәстүрлі жолы.

Айта кетейік, «Мақсат» фермерлік қожалығының иесі – Мақсат Дәулетбеков Ақсу ауылының тумасы. Жастайынан дала жұмыстарының дүбіріне ілесіп, ауыл тірлігінің жай-жапсарын жадына түйіп өсті. Сондықтан болар, еңбек жолында жиған мол тәжірибесімен қазір күріш егіп, жер баптап жүр.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 қыркүйек 2019 г. 629 0