Қызыл жалынның құрығынан құтқарды

Күн сайын қарапайым азаматтар бір-біріне қолұшын созып, кейде өзі жете танымайтын адамды ажалдан құтқару үшін басын қатерге тігіп жатады. Бұл іс қандай мақтауға болсын лайық.
Қала тұрғыны Нұрсұлу Паданова жақында «Ақмешіт» шағын ауданындағы тұрғын үйден өрт шыққанда ата-ана бақылауынсыз қалған екі бүлдіршінді аман алып қалды. Құтқарушылар жеткенше, тілсіз жауды ауыз­дықтауға тырысқан оның бұл ерлігі барлық әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарын елең еткізді.
Нұрсұлу Паданова бұл жайтты еске алғысы да келмейді. Өйткені, сол күнгі оқиға қорқынышты түс секілді. Айтуынша, ол асүйде жүрген. Кенеттен жоғары қабаттағы көрші пәтерден екі қыздың жан дауысын құлағы шалған. Байқап қараса, пәтер ішінен түтін шығып жатыр екен. Ойланатын уақыт болмай, Нұрсұлу іске кірісе кеткен. Бар ойы – балаларды аман алып қалу. Енді бірер секунд кідіргенде оқиғаның қайғылы аяқталуы  әбден мүмкін еді.
– Ас бөлмесіндегі терезе арқылы жоғарғы қабатқа шық­тым. Үйдің іші қою көк түтін. Лаулаған оттың арасынан алдымен Инаятты, одан кейін Нұрдананы алып шықтым. Ең бастысы – олар дін аман. Бұл –  кез келгеніміздің азаматтық парызымыз. Менің орнымда басқа біреу болса да, осылай істер еді,  – дейді Н.Паданова.
Өмір мен өлім ортасында қалған бүлдіршіндер Нұрсұлудың арқасында аман қалды. Мұны азаматтық міндетім дегенмен, тұрғындардың оған айтар алғысы шексіз. Ал, балалардың анасы ­Гүлхан ­Сейділдәқызының ризашы­лығы бір бөлек. Ол «Мен балаларды дүниеге әкелдім, ал Нұрсұлу оларға екінші өмір сыйлады» деп, жақсылығының еселеп қайтуын тілейді.
Арнаулы әлеуметтік қыз­мет көрсету балалар орталығында дефектолог-маман қызметін атқаратын кейіпкеріміздің бұл ісі шынында ерлікке пара-пар.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қыркүйек 2019 г. 110 0