Қанат Ислам көпбалалы анаға баспана сыйлады

Гүлшат Баяділова – 8 баланың анасы, "Күміс алқа" иегері. Балалары колледж және мектеп оқушылары. Екінші баласы науқас, қаржының тапшылығынан медициналық көмек уақытылы көрсетілмегендіктен, нақты диагнозы анықталмаған. "Ел-Несібе" Қайырымдылық қоры" қоғамдық қоры баспананың зардабын тартып келген отбасының жағдайын естігенде көмек қолын созатын адамды іздестірген. Қанат Ислам 5 шілдеде Алматыда өткен бокс кешінен жиналған қаржының бір бөлігіне көпбалалы отбасыға баспана алып беруді ұйғарған.
Осылайша жомарт пейілді боксшымыз Нұр-Сұлтан қаласының оң жағалауында Сарыарқа ауданында орналасқан пәтердің кілтін көпбалалы анаға тапсырды. Пәтердің іші тұрмысқа қажетті барлық техникалармен, төсек-орынмен толық жабдықталған.
Былғары қолғап шебері кәсіпқой рингте 26 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Оның 21-н уақытынан бұрын аяқтаған. 5 шілде күні Алматы қаласында өткен бокс кешінде Қанат Ислам доминикандық Хулио де Хесусты 14 секундта ұтып, орта салмақта WBO Inter-Continental чемпиондық атағын жеңіп алған еді.
Келесі жекпе-жегін 26 қазан күні Алматыда өткізеді. Отандасымыз қарсыласы намибиялық боксшы Уолтер Каутондоква (18-1, 17 КО) болмақ. Уолтер Каутондоква – 34 жаста. 2018 жылы WBO-ның орта салмақтағы чемпионы Деметриус Андрадемен (26-0, 17КО) қолғап түйістірген. 119-105, 120-104, 120-104 есебімен америкалық боксшыға есе жіберіп, алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татқан. Осы жылдың мамыр айында малавилік боксшы Симон Тшетаны нокаутпен жеңген. Қанат Ислам бұған дейін де қайырымдылық іспен айналысатын. Бурабайда өткен қайырымдылық аукционында Қанат Исламның қолғабы, сондай-ақ Геннадий Головкин, Дмитрий Баландин секілді өзге танымал спортшылардың жабдықтары бәссаудаға қойылған еді. Бұдан бөлек  Батырхан Шүкеновтің жеке коллекциясы, Алматы қаласындағы ботаникалық бақтағы атаулы отырғыш, даңқты теннисші Рафаэль Надальдің қолы қойылған ракеткасы, танымал футболшы Криштиану Роналдудың қолы қойылған бутсы және екі адамға арналған Вена операсына экскурсия болды. Бәссаудадан түскен қаражата үш ауыл және екі аудандық ауруханаларға медициналық құрылғы алуға жұмсалды.

Дереккөз: massaget.kz

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қыркүйек 2019 г. 79 0