Орақ ортадан ауды

Ерте көктемнен күріш дәнін сеуіп, оны жаз бойы күтіп-баптаған қармақшылық диқандар жылдағы дәстүрмен 23748 гектар, оның ішінде 14633 егістік алқапқа Сыр елінің басты байлығы – күріш дақылын орналастырып, бүгінде оны төкпей-шашпай жинап алу жұмысына кірісіп кетті.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының берген мәліметі бойынша бүгінгі таңда «Жаңажол», «Достық МК Жер», «Ақтөбе и К», «Ораз ахун» және «Тұрмағамбет» сынды ірі егін шаруашылықтарымен бірге  «Ақниет», «Дөйт», «Ақжар», «Оңталап», сонымен қатар басқа да 10-ға жуық шаруа қожалығы өздеріне бекітілген егістік алқапта орналасқан егіннің 50%-ін дестеге салып, 35%-ін бастырып болды.

Шуағын шашқан күн де, тынық ауа райы да сала қызметкерлерінің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызуда. Биылғы егін жинау науқанына 152 трактор мен басқа да жүк көлігі және 166 жатка мен комбайн қатысуда.

Қармақшылықтар күріштен бас­қа 595 гектар егістік жазғы бидайдан 297,5 тонна, 125 гектар арпадан 125 тонна өнім алса, бақшашылар да өздері межелеген міндеттерінен жоғары өнім жинап, ел берекесін тасытуда.

Мал азығын дайындауда 4553 гектар күтімге алынған ескі жоңышқаның 450 гектарын тұқымға қалдырып, 4103 гектар жоңышқаның бірінші және екінші орымынан 17,1 тонна өнім жинады. Үшінші орымнан да біршама өнім жиналары анық.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.

Қармақшы ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қыркүйек 2019 г. 123 0