Салықтан жалтарған 100 адамның аты-жөні жарияланды

"Үздік" жүз адамның мемлекет алдындағы жалпы борышы 286 019 395 теңгені құрап отыр. Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеуден жалтарған 100 жеке тұлғаның тізімін жариялады. Бұл азаматтардың мемлекет алдындағы жалпы борышы 286 019 395 теңгені құрап отыр. Оның 175 354 401 теңге – негізгі борыш сомасы, ал қалған 110 664 995 теңге – өсімпұл болып табылады, деп хабарлайды Zakon.kz мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салық бойынша ең көп берешегі бар азамат Қарағанды облысында тұрады. Асқар Нәбиевтің жер салығы бойынша (БСК 104302) негізгі борыш сомасы 37 163 849 теңге, есептелген өсімпұлы - 28 192 533 теңге. Жалпы қарызы 65 356 383 теңгені құрап отыр.

Елде салығы бойынша өсімпұл сомасы негізгі борыш сомасынан асып кеткен азаматтар да бар. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Талғатбек Ильясовтың жер салығы бойынша жалпы берешек сомасы 19 050 875 теңге, оның ішінде негізгі борышы - 8 685 027 теңге, өсімпұлы - 10 365 848 тенге.

Көлік салығы (БСК 104402) бойынша борышкерлер тізімін тағы да Қарағанды облысы бастап отыр. Фадис Мустакимов бұл салық түрі бойынша жалпы 6 081 323 теңге қарыз жинаған. Оның төлеуі тиіс негізгі сомасы - 4 059 318 теңге, есептелген өсімпұлы - 2 022 005 теңге.

Кейбір қазақстандықтар мүлік салығы (БСК 104102) бойынша да қарыз жинап үлгерген. Мысалы, Жамбыл облысыныңтұрғыны Ерлан Токсанбаевтың жалпы берешек сомасы 576 191 теңге, оның ішінде негізгі борыш сомасы - 335 811 теңге, өсімпұл - 240 380 теңге.

Мүлік, жер, көлік салығы бойынша берешегі бар азаматтардың жалпы тізімі баспасөз хабарламасына қоса жіберілген қосымшада көрсетілген. Айта кетейік, мемлекеттік кірістер органдары салық бойынша берешегі бар азаматтар тізімін жариялау үрдісін алдағы уақытта да жалғастыруды көздеп отыр.

Қазіргі уақытта Қазақстанда салықтық рақымшылық жүруде: ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін (қоса алғанда) негізгі борыш сомасын төлеген азаматтардың өсімпұлы есептен шығарылатын болады.

Салық төлеушілер борыштарының бар-жоғын Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында мына сілтеме бойынша http://kgd.gov.kz/ru/app/culs-taxarrear-search-web тексере алады.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қыркүйек 2019 г. 588 0