Экспорт көлемі артты

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту тапсырмасында фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсету және ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау айтылған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын хабарлады.

Соңғы жылдары облыстың ауыл ­шаруа­шылығы тауар­өн­діру­шілері өнім­дерін алыс-жа­қын шетелдерге экс­порт­қа шығаруда.

– Қазіргі күнге дейін облыс аума­ғынан басқа облыс­тарға барлығы 33093 бас мал шы­ғарылды. Сонымен қатар, Өзбек­стан мемлекетіне тірідей 250 бас бұқашық, Иран Республикасына 56 бас бордақыланған бұқашық, Иран Ислам Республикасына 789 бас, Біріккен Араб Әмірліктеріне 950 бас қозы тірілей экспортталды, – деді ол.

Саланы одан әрі дамытуда біршама жұмыстар жүр­гізілу­де. Мемлекеттің тұрақ­ты қолдауының арқасында соңғы бес жылда облыстың жалпыөңірлік өнімдегі ауыл­ шаруа­шылығының үлесі 2,6 проценттен 3,7 процентке артты. Жыл сайын өңделген өнім­дердің экспортын 2,5 есеге ұлғайту, өндірілген жалпы өнім көлемін 2 есеге, инвестиция көлемін 3 есеге арттыру міндеттелген. Басқарма басшысы бұл міндеттерге қол жеткізу үшін қабылданған «Агрокарта» аясында бірқатар жұмыстар жасалып жатқанын айтты.

Ал, облыстық ветеринария бақылау басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетовтің мәлімдеуінше, жануарлардың карантинге қойылуы, уақытылы ветеринариялық препараттармен егілуі және диагностикалық тексерілуі басқарма тарапынан қадағаланып отыр.

– Ветеринария саласы бойынша бекітілген жоспарға сәйкес, жануарлардың жұқпалы және жұқпалы емес ауруларының алдын алу, адамдарға жұғу қаупін болдырмаумен қатар саланы дамыту, экспорт әлеуетін көтеру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, 14 түрлі аса қауіпті жұқпалы және 6 түрлі энзоотиялық ауруларға қарсы ветеринариялық препараттар алынды. Жануарларды бірдейлендіру үшін 108,7 мың дана құлақ жапсырмалары толық жеткізіліп, тиісті жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде, – деді ол.

Паразитарлық аурулардың алдын алу үшін 43,4 млн теңге бөлініп, 21309 қаңғыбас ит-мысық ауланып, жойылды. Жануарлардың өлекселерін залалсыздандыру мақсатында осы жылы 127,6 млн теңге бөлініп, 8 типтік жобадағы мал қорымы салынуда.

– Негізінен облыста 62 типтік жобадағы мал қорымы салынуы керек. Бұл жоспар кезең-кезеңімен орындалып келеді. Себебі, бір ғана мал қорымын салу 15 млн теңгеге жуық қаржыны талап етеді, – деді басқарма басшысы.

Айта кету керек, аймақтың агро­өнеркәсіптік кешенін тұрақ­ты дамытуда барлық тиісті шаралар қабылданып, жыл соңына дейін белгіленген көрсет­кіш­терге толық қол жеткізу күтілуде. Сонымен қатар, Жол­дауда берілген тапсыр­маларды орындау бағытындағы жұмыстар жалғаса беретін болады.

Шынар БекБан.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қазан 2019 г. 213 0