Мәнерлеп сырғанау: Элизабет Тұрсынбаева Шанхайда күміс медаль иеленді

  Элизабет Тұрсынбаева Қытайда өткен Shanghai Trophy турнирін күміс медальмен қорытындылады.

Қысқа бағдарламада 69,24 ұпай жиған қазақ қызы еркін бағдарламада 116,65 ұпайды қоржынға салды. Осы нәтиженің арқасында Элизабет екінші орынды иеленді. Қорытынды ұпайы – 186,09. Ал жарыстың бас жүлдесі әйгілі Евгения Медведеваға бұйырды. Пхенчхан Олимпиадасының екі дүркін күміс жүлдегері, екі дүркін Әлем және Еуропа чемпионы деген дардай атағы бар Ресей спортшысы 191,78 ұпайға қол жеткізді. Мың бұралған бұл арулардың екеуі де 19 жаста. Ал қола медальді 16 жастағы Оңтүстік Кореяның жас жұлдызы, Азия кубогының иегері Лим Ын Су иеленді. Оның көрсеткіші – 184,64 ұпай.  

Биыл Әлем чемпионаты, Дүниежүзілік Универсиада және «Төрт құрлық біріншілігінде» күміс медальді мойнына ілген Элизабет Тұрсынбаеваның Шанхайдағы көрсеткіші көңілімізге қуаныш ұялатты. Себебі ол жарақатына байланысты алты айға жуық уақыт бойы мұз айдынына шыққан жоқ еді. Міне, ұзаққа созылған үзілістен соң қазақ аруы дүбірлі додада тағы да үздіктер қатарынан көрінді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қазан 2019 г. 147 0