Жеке тұрғын үй құрылысына жер беру тоқтатылды

Ақтөбеде жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін үлестіру тоқтатылды. Бұған себеп – тиісті коммуналдық желілердің болмауы, - деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Мәлім болғандай, өткен жылдары берілген аудандардың өзінде тұрғындар көгілдір отын, ауыз су мен электр жарығына қол жеткізе алмай отыр. Облыс орталығынан он шақырым жердегі Рауан-2 елді мекеннің бір жағында коммуналдық желілердің барлығы жүргізілген болса, екінші бетіне өркениет аттап баспаған. Дегенмен де, Рауан-2 ауылында бос жатқан жер жоқ. Құрылыс қарқынды жүрып жатыр. Жалпы, Ақтөбе қаласы маңындағы 20-дан астам елді мекенге тұрмыстық өркениеттің ізі жетпегені атап өтіледі. Бұл, салаға жауапты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандары бар мәселе қаражатқа байланысты екендігін айтады. Ал 146 мың адамға жеткен жер кезегі тізімі күн санап ұлғайып келеді.
 «Биылға жеке тұрғын үй құрылысы үшін он мың жер учаскесін табыстау жоспарланған болатын. Алайда, коммуникациялық желілердің болмауына байланысты тоқталып тұр. Жыл басынан бастап бес мың адам кезекке тұрды. Кезекке қою тоқтатылған жоқ. Коммуникациясы бар дайын учаскелер болғанда беріле бастайды», - дейді қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Жәнібек Қабылов.
Бірінші кезекте орталық коммуникациялық жүйеге іргетасы қаланып, баспана салуды бастап кеткен үйлер қосылуы тиіс. Бұл мақсатта жобалық-сметалық құжаттар дайын. Орташа есеппен 27 миллиард теңге қажет. Қаражат бөлінсе, құрылыс жұмыстары кешіктірілмейді. Биылдың өзінде 9 жоба жүзеге асырылуда.
 «Осы жылға тоғыз жоба бойынша инженерлік желілердің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Ол газ желілері Бауырластар-1, екінші кезекте Жаңа қоныс-2. Электр желісімен қамтуға Бауырластар-1, екінші кезекте Бауырластар-3, Думан тұрғын массиві және Жаңа қоныс тұрғын массиві», - дейді қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы Болат Серіков.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қазан 2019 г. 112 0